Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында 24 көпбалалы отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетпе ауылындағы А.Өтеуов көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы биыл қаңтар айында аяқталды. Әр пәтердің ауданы 45,6 шаршы метр. Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй берерде көпбалалы отбасыларға басымдық беріліп, аталған санат бойынша кезекте тұрғандарға берілген. Ауданда осы санат бойынша 131 адам тіркелген.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болғандардың бірі, Орынша Атшыбаева. Ол 2015 жылдан бері көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған.
Қуанышымызда шек жоқ. Баспаналы болу әр отбасы үшін ерекше сезім. Балаларым мәз. Балаларға жаңа үйіміз ұнады. Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасалған. Өзіміз керек-жарағымызды алып орналасып алдық. Орталықта орналасқан өте ыңғайлы. Біздің өз күшімізбен мұндай баспанаға қол жеткізуіміз екіталай еді. Осындай қолдау көрсеткен мемлекетке алғысымыз шексіз, - дейді Орынша Атшыбаева.