ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Ақтауда саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, сайлау комиссиясы мүшелерімен, сондай-ақ Маңғыстау жастарымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кездесуде Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы "Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар талқыланды. Атап айтқанда, сайлау процесін жаңғырту мәселелері: Мәжіліс және облыстар, астана, республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде аралас сайлау жүйесін, сондай – ақ қалалық және аудандық мәслихаттарды қалыптастыру кезінде мажоритарлық жүйені енгізу.
2007 және 2018 жылдары пропорционалды сайлау жүйесін енгізудің мақсаты республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде партиялық жүйені дамыту болды. Мажоритарлық сайлау жүйесі, өз кезегінде, қандай да бір партияның құрамына кірмейтін, жалпы саяси бәсекелестіктің дамуына әсер ететін күшті тұлғалардың өкілді билік органдарына өтуіне мүмкіндік береді. Аралас сайлау жүйесі қағидаты бойынша өкілді билікті қалыптастыру халықтың сұраныстарын шешу бойынша жан-жақты пікірлер палитрасын береді, - деді Нұрлан Әбдіров.
Сондай-ақ, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров қазіргі уақытта комиссия сайлау процесін жетілдіру мәселелері бойынша жұртшылықтың пікірін зерделеу үшін еліміздің барлық өңірлеріне шығатынын және сайлаушылардың 36% - ға жуығы электораттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
Жастар ұйымдарының өкілдері жас сайлаушылар арасында құқықтық сауаттылық пен сайлау мәдениетін арттыру бойынша оқыту іс-шараларын өткізуге назар аударуы қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ел азаматтары арасында саяси мәдениетті дамыту қажет екеніне баса назар аударды, - деп атап өтті спикер.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір жұртшылығының өкілдері кездесу үшін Орталық сайлау комиссиясы басшылығына ризашылық білдіріп, ел президентінің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі бастамаларын қолдайтынын атап өтті. Қатысушылар барлық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлауын өткізуді, сайлаушылардың сайлауға қатысқаны үшін жауапкершілігін, партиялық тізімдегі әйелдер үшін квотаны ұлғайтуды, байқаушыларды тұрақты оқытуды, сайлау процесінің ашықтығы мен айқындығын, азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына кепілдікті қамтамасыз етуді қолдады.