Мұнайлы ауданының орталық ауруханасы Маңғыстау ауылындағы қазіргі орталық емхана жанындағы алаңда салынып жатыр. Бұл туралы Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров фейсбук парақшасына жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бүгін Мұнайлы әкімі Рахат Тезекбайұлы аурухананың алғашқы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Айтуынша, жоба құрылысы 13 айға созылады. Аурухана 9040,8 шаршы метр және 2 қабаттан тұрады. 150 орынға шақталған.
"Мұндай ауқымды істің бастауы биыл тойланатын ауданымыздың 15 жылдық мерейтойымен тұспа тұс келгеніне өте қуаныштымын. Тұрғындар көптен күткен нысан сапалы, уақытылы, жоспарға сай салынуы керек. Сондықтан аурухана құрылысы тұрақты жеке бақылауымда болады", - деп жазды Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Тезекбайұлы.
Сондай-ақ ол Маңғыстау ауылында салынып жатқан жеке меншік мектепке барған.
"Жергілікті жұрт СМП деп атап кеткен 22 кварталдағы бастауыш мектеп биыл оқу жылында ашылады. 400 балаға арналған білім ошағында құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
Дәл осы 22 кварталда 24 пәтерлі 30 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы осыдан бірнеше ай бұрын басталған еді. Көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік желілері толық тартылған. Ауыз су, жылу және кәріз жүйесінің құбырларын жүргізу жұмысы аяқталған", - деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, аталған тұрғын үйдің құрылысы аяқталған соң 700-ден астам көпбалалы, аз қамтылған отбасы баспаналы болады.