Ұлыстың ұлы күні қарсаңында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшелері өз жұртына аяусыз қызмет қылған бірқатар ұлт жанашырларының ұрпақтарының үйіне барып, облыс әкімінің Наурыз мерекесіне арналған құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды mangystaumediа.kz.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның жобалық офисінің жетекшісі Нұржігіт Хайруллаевтың айтуынша, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғыс хатына ие болғандардың қатарында Тобанияз Әлниязұлының, Смайыл Сарбасұлыны, Оразбай Жақыпұлының, Бекес Дәрментайұлының және Байбоз Қилыбаевтың ұрпақтары бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Cаяси қуғын - сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Президент Жарлығы негізінде Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық, өңірлік комиссиялар құрылып, өз жұмыстарын бастады. Тарихшы-ғалымдар, заңгерлер, өлкетанушылар, архившілер мен қоғам белсенділерінен құралған комиссиялар мен жұмыс топтары қызу зерттеу үстінде. Ел аузындағы әңгіме деректер жинақталып, архив құжатарынан тарихтың жаңа ақтаңдақ беттері анықталып жатыр. Бұрын белгісіз болып келген, жазықсыз жапа шеккен ата -бабаларымыздың есімдері анықталып, азалы тізім жаңғыртылуда. Тарихымыз тар жол тайғақ кешкен тұлғаларымыздың тегімен толықтырылуда.
Сол зобалаң жылдары Сіздердің аталарыңыз да жазықсыз жапа шеккен жандардың бірі болды. Мыңдаған азаматтар тәуелсіздік жолында күресіп, келер ұрпақтың бейбіт күні үшін жандарын қиды. Нәубет жылдары құрбан болған барша ата - әжелеріміздің рухтары шат болсын!
Cаяси қуғын - сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия атынан және өз атымнан Амал және Наурыз мерекесімен шын ықыласпен құттықтай отырып өздеріңізге мықты денсаулық, отбастарыңызға береке - бірлік тілеймін!»,-делінген облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хатында.