Ақтауда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ RoadShow форматында таныстыру іс-шараларын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстың ҚКО-на сілтеме жасап.
Қаржы орталығының қызметкерлері Маңғыстау облысындағы студенттер жатақханасы мен жекеменшік мектептердің құрылысына инвестиция салуға дайын білім саласының қызметкерлерімен, жоғары оқу орындарының ректорларымен және әлеуетті инвесторлармен кездесті. Сондай-ақ инвесторларға арналған жобалардың таныстырылымы ұйымдастырылды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының кеңсесінде қор мен екінші деңгейлі банк өкілдеріне осындай таныстырылым өтті. Мәселен, тыңдаушыларға жобаға қатысуға ниет білдірген құрылыс салушы өз қаражатына нысан салып, оны 8 жыл пайдалануға бергеннен кейін әрбір нақты алған орын үшін мемлекеттен төлем алатыны түсіндірілді.
– Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдерден бөлек, инвестордың өзі әр студенттің жатын орны үшін орташа есеппен 15-20 мың теңге төлем алады. Бұл ретте шығынды өзі анықтайды. Сондай-ақ инвесторға «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2020-2025» жобалары аясында 9%-ға дейін банктік несиені субсидиялау қарастырылған. Сонымен қатар, олар дайын жобалық-сметалық құжаттамамен (типтік және жеке жобалармен) қамтамасыз етілген», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ жарнама және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин.
Инвестор коммерциялық кеңістіктен де қосымша табыс ала алатыны, яғни жатақхана базасында асхана, шаштараз және басқа да шаруашылық нысандарын ашуға болатыны атап өтілген. Орталық ұжымы облыстық білім басқармасының басшылығымен және бірнеше жоғары оқу орындарының белсенділерімен де кездесті. Кездесулер барысында «Ақыл» мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесінің мүмкіндіктері және жоғары оқу орындарында оқуға несие алу мүмкіндіктері таныстырылды. Қаржы орталығының қызметкерлері «Aqyl» депозитін ашқан жағдайда салымдар бойынша 9%-ға дейінгі банктік комиссиядан бөлек, мемлекет сыйлықақысы алынатынын еске салды. Мемлекеттік сыйлықақы мөлшері жылына - 5%, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін - 7%.
Қазіргі уақытта білім беру депозитін ашуға болатын «AQYL» Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушы банктері: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Жысан Банкі» АҚ, «Банк ВТБ» АҚ, «Нұрбанк» АҚ.
- Салымшы ақылы негізде түскеннен кейін депозит ашылған банкке университетпен келісім-шартты тапсырады. Банк салымшының шотынан оқу ақысын тікелей білім беру ұйымына аударады. Бүкіл оқу мерзімін төлегеннен кейін депозитте қаражат қалса, салымшы оларға өз қалауынша иелік етуге құқылы (грант алған жағдайдағы сияқты), - дейді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ сарапшысы Диас Джамбулов.
Мемлекеттік білім беру несиесін алуға қатысты орталық мамандарының айтуынша, негізгі қарызды төлеуді 10 жылға дейін кейінге қалдыру қарастырылған. Қаржы орталығының кепілдігі несиелерді қамтамасыз ету болып табылады. Несие бойынша жеңілдік кезеңі – оқу мерзімі және негізгі оқу курсын аяқтағаннан кейін алты ай. Бұл кезеңде тек пайыздық мөлшерлеме төленеді. Содан кейін негізгі қарызды төлеу кезеңі басталады.
- Несие кепілсіз және сыйақы мөлшерлемесі 20%. Мақсатты несиені Қазақстанның барлық аймағында және еліміздің барлық жоғары оқу орнында оқуға алуға болады, - дейді қаржы орталығының қызметкерлері.
Сондай-ақ олар 2018 жылдан бастап жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілгенін айтты.
- Жан басына қаржыландыру әдістемесі жекеменшік мектептер үшін жан басына шаққандағы стандартты анықтайды. Бұл пайдалану шығындарын өтеу, орта есеппен жылына – 532 мың теңге және жылына әрбір жаңадан енгізілген студенттік орынға ғимараттың амортизациялық аударымдары: құрылыс кезінде – 96 АЕК (294 мың теңге), қайта құру кезінде – 47 АЕК ( 143 мың теңге). Оны қоссақ, 1 енгізілген орынға 900 мың теңгедей ақша түседі, - деп қосты орталық өкілдері.