Қант диабетіне шалдыққан балалар мен олардың ата-анасын тиісті ақпараттармен қамтамасыз етіп, білім деңгейін арттыру мақсатында «Диабет мектебі» ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасында қант диабетімен ауыратын 7 бала ем қабылдап жатыр. Олар үнемі дәрігердің бақылауында. Сондай-ақ енді ашылып жатқан диабет мектебінен де дәріс алып, аталған ауру бойынша ақпараттармен танысады.
«Диабет мектебінде тамақтану тәртібін дұрыс ұйымдастыру, инсулинді реттілікпен салу, оны тұрақты түрде есептеу, нан бірлігінің қанша бөлігін тұтыну қажет және жиі болатын асқынуларды азайту бағытында жұмыстар жүргізіледі», - деді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Әлия Ешимова.
Былтыр 120 бала қант диабеті аурудан айыққан. Оның ішінде 25 бала алғаш рет қант диабетімен ауырған. Мамандардың айтуынша, қант диабетімен есепте тұрған балалар инсулин препаратын, глюкометр мен тест жолағын міндетті түрде емханадан алуы тиіс.
«Емханамызда консультативтік-диагностика бөлімі бар. Балалар уақытылы кеңеске келіп тұрады. Қант диабетіне шалдыққан балалар ентігіп, сусызданып, кейде ауыр жағдайда ауруханаға түседі. Себебі, тамақтану тәртібін дұрыс білмейді. Тамақтанудан бөлек күнделікті глюкометр арқылы қанттың деңгейін өлшеп, инсулин препаратын уақытылы салып отыру қажет», - деді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Әлия Ешимова.
Сондай-ақ, дәрігерлер қант диабеті балалар арасында жас таңдамайтынын айтты. 18 жасқа дейін, тіпті 1 жасқа дейінгі балалар арасында да кездесіп отыр.