Ақтауда көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған 40-қа жуық анаға тырнақ күтімі бойынша тегін шеберлік сағат өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шеберлік сағатын «Мейірімді ана» қоғамдық қоры Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізді.
«Әкімдік оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Ал, аналарға маникюрді арнайы кәсіби мамандар үйретті. Бұл өз кезегінде аналардың үй жағдайында табыс табуына берілген үлкен мүмкіндік деп білемін. Аналардың өздері де қуаныштарын жасырмай, алғыстарын білдіріп жатыр», - деді «Мейірімді ана» қоғамдық қорының директоры Динара Көктаубай.
Шеберлік сағаты екі аптаға созылды. Енді Наурыз мерекесі қарсаңында салтанатты түрде сертификат табысталмақ.
Сондай-ақ, орталықтың психолог мамандары аналарға арнап семинар-тренинг өткізді.
Қор директорының айтуынша, алдағы уақытта аналарға арналған мұндай сабақтар жиі ұйымдастырылмақ.