Маңғыстау облысында жолдардың сапасын бақылайтын мемлекеттік мекеменің бастамасымен «2000 мектеп» акциясы сәтті жалғасып жатыр. Биылдан бері жол инженерлері мен сарапшылары Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған ауданында орналасқан 40 мектепке арнайы барып келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «ЖАҰСО» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Танымдық кездесуде орталықтың сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің инженерлері мен сынақ зертханасының сарапшылары болашақ талапкерлерге Қазақстанда жол құрылысы саласының дамуын, осы бағытта маман тапшылығы барлығын, сондай-ақ жолшы мамандығының маңыздылығы мен артықшылықтарын оқушыға түсіндірді.
«Жол саласына мамандар ауадай қажет. Себебі, кадр тапшылығы жол инфрақұрылымының дамуына, орындалатын жұмыстардың, сапасы мен мерзіміне тікелей әсер етеді. Сондықтан жас әрі білікті мамандар дайындығына баса көңіл бөлу керектігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып келеді. Бүгінгідей кездесу еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Оқушылардан қандай оқу орнында жолшы мамандығын алуға болады, бітіргесін қандай мекеме бізді жұмысқа алады деген сауалдарды жиі естиміз. Жан-жақты жауап беріп, талапкерлерді бұл салаға бір табан жақындатамыз. Сондай-ақ, біздің орталықтан бөлінетін білім гранттары жайында әңгімелейміз. Слайд-бейнеролик көрсетіп, филиалға саяхаттап келуге шақырамыз. Кәсіби бағдарлау жұмыстары Маңғыстау облысында жыл соңына дейін жалғасады» - дейді жол инженері Бекмұрат Байдуллаев.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жол салатын немесе жөндейтін мекемелерде құрылыс инженері, инженер-сметашы, зертханашы тағы басқа мамандықтар бойынша білікті мамандар жетіспейді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұлттық жол сапа орталығының филиалдары жергілікті колледж-университеттермен келісімшарт жасасып жатыр.
Бұл тізімде Yessenov University мен Маңғыстау политехникалық колледжі де бар. Оларда білім алған бірнеше студент ұлттық жол сапа орталығында ақылы тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасты.