Облыс орталығында имамдар мен теологтардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті. Мамандар «Радикалсыздандырудың заманауи тәжірибесі мен оңалту жұмыстарының тәсілдерін» талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинарды «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы "Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл" орталығының директоры, теолог Тимур Нүсіпханов өткізді.
Қатысушыларға діннің дұрыс бағыттары түсіндіріліп, заңға қайшы ақпарат таратудың қылмыс екені айтылды. Сондай-ақ семинарға қатысушыларға теріс діни идеологияның зардаптарын жою туралы өзекті ақпараттар берілді.
– Қазіргі таңда елімізде деструктивті діни ағымдар саясатына қарсы қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Яғни, дәстүрлі дінге бет бұрған адамдар ақыры қателескендерін мойындады. Олармен табысты жұмыс істеу үшін алдымен ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіруіміз керек. Халқымыз ақиқатты ұғынуда исламның сыртқы түрлеріне ғана тоқталып қоймай, оның ішкі түріне де үңілгені абзал, – дейді Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.
Аталған іс-шараның мақсаты – теологиялық оңалту мамандарына деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен, оның ішінде радикалды көзқарастағылармен жұмыс істеу бойынша білім мен дағдыларды беру.