Жаңаөзен қаласында ағалы-інілі Әділет пен Медет Абишаевтар нысандарға бейнебақылау камераларын қойып, қауіпсіздік жүйелерін орнатып, техникалық құралдарды бағдарламалау, техникаларды жөндеу, электронды құрылғылар сату қызметтерін көрсетеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласының цифрлық даму саласы қарқынды үлес қосып келе жатқан ағайынды Әділет пен Медет еңбек жолын Нұр-Сұлтан қаласында бастаған. Осы уаытқа дейін бірнеше марапаттар алған.
«Біздің мақсатымыз – цифрлық даму саласы бойынша Жаңаөзенді алдыңғы қатардағы қалалардың тізіміне енгізу. Осы бағытта «Smart Zhanaozen» жүйесін құрып, осы сала бойынша жастарға білім беріп жатырмыз», - дейді «Helpnow.kz» компаниясының негізін қалаушы Әділет Абишаев.
Компанияға 1 аптада орташа есеппен 40-50 тапсырыс түседі. Компания мамандарының айтуынша, оның бәрі жоғары деңгейде орындалады. Серіктестік қызметкерлеріне талап қатал. Сол себепті мамандар көрсетілетін әр қызметті тыңғылықты жасайды. Осы арқылы мекеме көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген.
«Жастардың жұмысы ұнады. Бәрін тиянақты істейді екен. Жауапкершілігі мол. Тапсырысымды істеп болғанша бастан аяқ қарап, риза болдым. Қазір осындай білімді жастардың көбейгені жақсы ғой. Енді барлық затты осы балаларға істетемін», - дейді қала тұрғыны Алмагүл Махамбетова.
Бүгінде Әділет пен Медет негізін қалаған мекеме 30 шақты маманды жұмыспен қамтып отыр. Оның 10-ға жуығы қызметке қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан. Болашақта Әділет пен Медет қызметкерлердің де, мекеменің де ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.