Бозжыра шатқалына 35 шақырым автожол салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 14,0 млн теңге бөлінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникаци орталығына сілтеме жасап.
Жобалық-сметалық құжаттаманың жалпы құны - 46 млн теңге. Егер мақұлданса, жақын арада жол құрылысы басталады.
Сонымен қатар, 2022 жылы Құрық, Жетібай, Мұнайшы және Сенек ауылдарында ұзындығы 7,5 шақырым болатын жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады.
«Құрық ауылындағы 7,6 шақырым жол құрылысының екінші кезеңін бастап жатырмыз. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарға 436,7 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар, «Құрық-Жетібай» тас жолының 64 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде», – деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Сондай-ақ ол 2021 жылы ұзындығы 4,1 шақырым Жаңаөзен-Құланды тас жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бостан ауылында 2,7 шақырым елді мекенішілік жолдың құрылысы, сондай-ақ Жетібай ауылында 5 шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Мұнда да 12 шақырым елді мекенішілік жолды жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстарға 311 миллион теңге бөлінді.