Былтыр облыста 2 418 жұмыссыз тіркелген, оның ішінде 2 188 адам әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Оның ішінде 1 457 адам тұрақты жұмысқа, 332 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға орналастырылды. Сондай-ақ 95 адам жастар тәжірибесінен тегін өтіп, 60 аудан тұрғыны қайтарымсыз грант, тағы 40 адам несие алды.
Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 127 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыса, тағы 14 ауыл тұрғыны қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуге мүмкіндік алды. Барлығы 2 500-ден астам жұмыс орны ашылды.
"Облыста жұмыссыздықты азайтуға бағытталған «Мен жұмыс істеймін» жаңа жобасын орындауға 25,5 млн теңге бөлінді. 2021 жылы 106 азамат жұмысқа орналасты. Бүгінгі таңда белсенді ауыл тұрғындары өз бастамаларымен арнайы топ құрып, ауылдарындағы жұмыссыздардың тізімін беруде. Осы топтардың үй-үйді аралау нәтижесінде 2 500-ден астам жұмыссыз анықталды. Атап айтқанда, Жетібайда – 1 071, Мұнайшыда – 252, Құрықта – 744, Бостанда – 37, Құландыда – 30, Сенекте – 66 адам жұмыссыз жүр", – дейді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Аудан әкімінің айтуынша, 2022 жылдың 1 наурызына жұмыссыздар саны - 1 341 адам. Жалпы жұмыссыздық деңгейі - 6,5 пайыз.
Биыл 2 айда 239 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл 100 тұрақты жұмыс орны және 139-ы мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылған, оның ішінде: қоғамдық жұмыстар – 101, Жастар тәжірибесі – 15, әлеуметтік жұмыс орындары – 23. «Мен жұмыс істеймін» бағдарламасы аясында «Құрық портына» 16 адам, ал 8 адам Порт Құрық мекемесінің күзет қызметіне жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, өрт сөндіру бөліміне 3 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
– 9 наурызда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Соның аясында «Rixos» қонақүйіне 30 адам жұмысқа орналасуға өтініш білдірді. Бұл қонақүй мамыр айынан бастап 400-ге жуық бос орынға сұраныс алды. Сондай-ақ, «Мен жұмыс істеймін» бағдарламасы арқылы жыл ішінде кем дегенде 100 адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. «Маңғыстаумұнайгазда» және қызмет көрсететін компанияларда жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша әлі де келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деді аудан әкімі.
2022 жылы облыста орындалатын инвестициялық жобалардың есебінен 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мәселен, «КаспийОйлГаз» компаниясы Ракушечное кен орнында 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Құрық порты аумағында астық терминалын салу үшін жұмысшылар қажет «SemrugInvest» компаниясында да дәл осындай жұмыс орын пайда болады.
Жетібай ауылындағы мұнай қалдықтарын тазартып, қайта өңдейтін «Клинфилд Қазақстан» серіктестігімен 40-қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Жетібай ауылындағы «Жанарыс» тігін цехына тағы 40 адам жұмысқа орналасса, қазір аудандық өрт сөндіру бөлімінде 19 бос жұмыс орны бар.