Қарақия ауданынан аз қамтылған 330 отбасына 161,3 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай-ақ туберкулез және онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарды емдеуге, асыраушысынан айырылған отбасыларға да қаржы бөлінді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың ішінде 108 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Сондай-ақ, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 431 балаға 21,5 млн теңге кепілдік берілген әлеуметтік пакет бөлінді.
«Аз қамтылған 104 отбасына 5,6 млн теңгеге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Асыраушысынан айырылған 340 балаға әлеуметтік көмек ретінде 14,9 млн теңге бөлінді», - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Сондай-ақ, «Маңғыстау облыстық мүгедектерді оңалту орталығында» 12 азамат сауықтыру ем алды. Тағы 235 қарақиялық азаматсанаторий-курортта емделуге мүмкіндік алды.
Қарақия ауданы әкімінің айтуынша, туберкулезбен ауыратын 29 науқасты емдеуге 3,5 миллион теңге бөлінсе, онкологиялық аурумен ауыратын 64 науқасқа 4,9 миллион теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Аудан әкімінің гранты бойынша жоғары оқу орындарында оқитын 20 студенттің шәкіртақысына 1,5 миллион теңге бөлінді. Бұл - әлеуметтік осал отбасылардан шыққан жастар. 2 120 әлеуметтік сала қызметкеріне отын сатып алуға 25,6 млн.теңгеге көмек көрсетілді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 173,3 млн теңге бөлініп, 39 маман баспанаға қол жеткізді. 70 маманға 20,4 млн теңгеге бір жолғы көтеру жәрдемақысы берілді.