Бейнеуде суда жүзуден аудандық жарыс мәресіне жетті. Спорттық шара кәсіпкер Ардақ Борашов пен аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Kaspiy» жаттығу залында өткен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа жасөспірімдер мен ересектерден барлығы 60-қа жуық спортшы қатысты. Олар жастарына қарай 10 топқа бөлінген. Әр топтың өзіне қойылған талабы мен жүзу қашықтығы болды.
«Жарысты ұйымдастыруға атсалысқан облыстық спорт басқармасына және Бейнеу аудандық спорт бөліміне алғыс білдіремін. Бұл жарыс ауданда бұқаралық спортты дамыту әрі насихаттау мақсатындағы елеулі шаралардың бірі. Аудан тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және де жастарымыздың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік зор. Жүзу спортын дамыту үшін әлі көптеген жоспарымыз бар. Келешекте Бейнеуден шыққан жүзгіштерді әлем біріншіліктерінен көру үшін жұмыстанамыз», - деді жарыс ұйымдастырушысы Ардақ Борашов.
Сайыста үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға арнайы сыйлықтар табысталды.