Маңғыстау облысының экология департаменті Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевке қатысты әкімшілік іс қозғады. Шенеунікке 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 306 300 теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы экология департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр Маңғыстау облысында 103 нүктеде заңсыз төгген қоқыс анықталды. Оның 38-і Жаңаөзен қаласына тиесілі, ал қалғандары өзге аудандардан табылған. Аталған қоқыс үйінділерін 2021 жылдың 10 тамызына дейін жою кестесі жасақталған болатын. Ақтау қаласы, Қарақия, Мұнайлы, Түпқараған аудандары түгелдей қоқыс орнын тазартса, Жаңаөзен қаласының әкімдігі тек 4 орынды ғана тазалаған.
Экология және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері жоғарыда аталған 38 нүктедегі қоқыс орындарына шолу жасаған еді. Нәтижесінде тазартылған 4 нүктедегі рұқсатсыз орналасқан қоқыстарды басқа нүктедегі қоқыс орындарына жинақтап қойғаны анықталды.
Айта кету керек, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевке 2020 жылғы 1 шілдедегі N 39 бекітілген лауазымдық нұсқаулығы бойынша шаһардың және жақын орналасқан елді-мекендердің санитарлық тазарту жұмыстары міндеттелген.
Осылайша әкім орынбасарының іс-әрекетінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабы, 2-тармағының - Қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге арналмаған арнайы белгіленген орындардан тыс оларды жинап қою, сол сияқты қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мәлімделмеген қалдықтарды көму туралы талаптарының бұзылуы анықталған.
Еске сала кетейік, облыстағы қоқысқа толы 103 орын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ» АҚ геопорталымен анықталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА