Жаңаөзен қаласына қарасты Кендірлі ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды. Мәдениет үйі «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағадарламасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында салынған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нысанның аумағы – 3473 шаршы метр. 300 адамдық концерт залы, 14 мың кітап қорын сақтауға болатын кітапхана, хореография мен конференция залы бар. Мәдениет үйі сапалы техникалармен қамтылған. Атап айтқанда 32 шаршы метрлік лед экран, соңғы үлгідегі дыбыс, жарық беруші құрылғылармен жабдықталған. Жақында домбыра, жыр-терме, би, сурет салу сынды он шақты үйірме жұмысын бастады.
«Алдағы уақытта үйірме санын 20-ға жеткізу жоспарда бар. Ауылдағы балаларды өнерге баулығымыз келеді. Бұрын соңды елдімекенде мәдениет үйі болмағандықтан мұндай мүмкіндік те жоқ еді. Енді ауыл тұрғындары үшін осындай жағдай жасалып отыр. Келешекте бұл ордада жастардың жұлдызы жанып жатса, біздің мақсатымыз осы», - деді мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Өркен Түйебай.
Мәдениет үйі ашылуының арқасында 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде ұжымның басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың аясында қызметке орналасқан. Төрт маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде.
«Мәдениет үйінің ашылғаны жақсы болды. Екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар тұрақты жұмысқа кіріп жатыр. Балаларды да жақын жерге үйірмеге беретін болдық. Арасында келіп, бір сергіп концерт қарауға өзімізге де жақсы»,- дейді ауыл тұрғыны Майрамбай Тасқынбаев.
Мәдениет ошағының қызметкерлері алдағы уақытта концерттер, шығармашылық кештер өткізуді жоспарлап отыр. Жастар жағы стендап жанрын дамытқысы келеді. Болашақта үйірме санын көбейтіп, балаларды тігіншілікке үйрету де ойда бар.