Бүгін Ақтауда 3 шағынауданда 1 000-ға жуық жасөспірімге арналған көркем гимнастика орталығы салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Көркем гимнастика орталығын мемлекеттік бағдарлама аясында жеке кәсіпкер Назерке Тұрниязқызы ашып отыр.
Назерке Тұрниязқызының айтуынша, қазіргі таңда 300 қыз үйірмеге жазылып үлгерген. Гимнасшыларға 4 жаттықтырушы тәлім береді.
«Көркем гимнастика орталығының ашылғанына қуаныштымын. Орталық енді балалардың жан-жақты дамуына, алға жылжып, жеңіске жетуіне септігін тигізеді. Қазір біздің гимнасшылар облыстық құрама сапында республикалық чемпионаттарға қатысып, жетістікке жетіп, нәтиже көрсетіп жүр», - деді жаттықтырушы Анастасия Генадьевна.
Сонымен қатар ол 4 жастан 14 жасқа дейінгі қыздарға әлі де қабылдау жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Орталықтың ашылу салтанатына МО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев, Маңғыстау облысы маслихатының депутаттары, Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай және спортшылар қатысты.