Бейнеу ауылындағы 14,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл жоба қаржылай қолдау тапқан жағдайда ғана орындалады. Осы мақсатта ЖСҚ дайындалып, бюджетке өтінім берілген. Жоба құны - 269 млн теңге.
Жалпы, аудан бойынша 490,7 шақырым автокөлік жолы бар. Оның ішінде 178 шақырым аудандық маңыздағы, 312,7 шақырым ауылішілік жолдар.
Аудандық маңыздағы автокөлік жолдардың 36,5% қатқыл табанды, жергілікті маңыздағы автокөлік жолдардың 35,8% қатқыл табанды.
2021 жылы Төлеп ауылына ұзындығы 4,3 шақырымды құрайтын автокөлік жолының құрылысы толықтай аяқталды. Жобаның құны - 86,5 млн.теңге.
Сонымен қатар, ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын Ақжігіт ауылы (ауылішілік) №2 құрам бөлігіне автожол құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме «Промстроймонтаж-ХХІ» ЖШС. Келісім шарт құны – 104,5 млн.теңге. Қазіргі таңда – 45,3 млн.теңге қаржы игерілді. Жобаны 2022 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Ұзындығы 73 шақырымды құрайтын «Сыңғырлау – Сам – Ноғайты – Тұрыш» аудандық маңыздағы автокөлік жолы болып табылады. Бұл жолды күтіп ұстау мақсатында 2021 жылы құны – 27,5 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы аталған жолды жөндеуге қосымша қаржы қарастырылуда. Сондай-ақ, Боранқұл ауылындағы 2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ дайындалып, бюджетке өтінім берілді. Жоба құны – 81 млн.теңге, - деді аудан әкімі Бейнеубек Әбілов.