Бүгін Маңғыстау ауданы Сайөтес ауылында 350 балаға арналған «Батыр» спорт кешені ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорт кешені «ArtSport» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Есиман Басановтың бастамасымен ашылды.
«Президент өз жолдауында ауыл-аймақтағы спорт саласын дамытуды атап өткен болатын. Осы ретте Сайөтес ауылында спорт мектебін ашу ойладық. Себебі ауылда спорт зал жоқтың қасы. Енді балалар спорт клубына келіп, тегін күреске қатыса алады», - дейді жеке кәсіпкер Есиман Басанов.
Оның айтуынша, спорт кешенінде білікті, тәжірибелі үш бапкер бар. Арнайы Ақтау қаласынан келіп, балаларды жаттықтырып жатыр. Жас спортшыларға барлық жағдай жасалған.
«Жас спортшыларға барлық жағдай жасалған. «Сұңқар» спорт кешенінің атынан Елубек Көпжасар қол көмек ретінде 200 кимано, 2 татами кешенін, 12 млн теңге қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен қатар спорт клубының бас-қасында жүрген спорт жанашырларына алғыс айтамын. Алдағы уақытты аталған спорт орталығынан көптеген жас ел туын көкке көтереді деп сенемін», - деді Есиман Басанов.
Жалпы Сайөтес ауылында мыңнан аса жас бар. Оның ішінде 500-дей бала мектеп оқиды. Ал осы 500 баланың жартысынан көбі «Батыр» спорт кешеніне жазылып үлгерген.
«Бүгін жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарламамен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі бойынша «Батыр» спорт кешенін ашып, қолданысқа беріп отыр. Бүгін, мінекей, алғашқы күннен бастап-ақ залда бала толып отыр. Бұл деген Қазақстан спортына жаңа серпін береді. Ауылдан үздік, әлемдік деңгейде елдің атын шығаратын ұл-қыздарымыз шықсын», - деді ҚР дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаев.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА