Рахат елдімекендегі жарық бағаналары жаңартылып, жарықдиодты шамдар орнатылды. Елдімекеннің алты көшесіндегі 720 үй, яғни, 3 110 тұрғын жарықпен қамтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, былтырдан бері ауылға үш жинақтық трансформаторлық қосалқы станция қойылған. Аталған жұмыстар мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында орындалды.
Бұрын ауылда кей кездері, әсіресе, жазда электр энергиясының күші жетпегендіктен жарық өшіп қалатын. Енді трансформаторлардың жаңартылуына байланысты мұндай олқылықтар мүлде орын алмайды деп күтілуде. Мұның барлығы халық қамы үшін істеліп жатыр,- деді Рахат ауылының әкімі Өсербай Табыншаев.
Бас-аяғы екі айда Рахат ауылына «Айком» ЖШС мердігерлігімен 240 дана жарықшам мен бір трансформатор орнатылды. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары да оң пікірін білдірді.
Балалардың қыстыгүні таңертең қараңғыда оқуға баруы алаңдататын. Қанша дегенмен балапандарымыздың қауіпсіздігі маңызды ғой. Жарық мәселесі шешілгені жақсы болды. Қуанып жүрміз,- деді ауыл тұрғыны Арыс Құдайбергенов.
Қазіргі таңда Рахат ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта тозығы жеткен бағаналарды ішінара ауыстыру жұмыстары жалғаса бермек.