Бейнеу ауылында 350 орындық жаңа мешіт салынып жатыр. Бұл ақпарат Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм парақшасына жолданған сұрақ-жауапта айтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Желі қолданушысы Бейнеу ауылына мешіт жетпейтіндігін айтып, жаңа имандылық үйі қажет екенін жазған болатын. Тұрғынның сауалына Бейнеу ауданы әкімдігінің өкілдері жедел жауап берді. Әкімдіктегілердің айтуынша, қазір Бейнеу ауылында 1200 орындық орталық бір мешіт бар екен. Ауылда халық санының көбейгенінен жаңа мешіт салу мәселесі қарастырылып, қаңтар айында жергілікті кәсіпкердің көмегімен Атамекен мектебінің қасында 350 орындық жаңа мешіттің құрылысы басталған.
Облыс әкімдігінің телеграм каналы тұрғындардың түрлі проблемаларын жергілікті билік пен жауапты мекеме басшыларына ашық жеткізетін алаңға айналды. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің телеграм каналын қолданушылар саны – 9 029-ға жетті. Телеграм канал ашылғалы барлығы – 4 303 сұрақ келіп түсті. Оның ішінде 4 264 сұраққа жауап берілді, - дейді Жалғас Досжанов, МО ӘА «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ мониторинг бөлімінің басшысы.