Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Аманат Махмутов хабарлады.
Оның айтуынша, былтыр Маңғыстау облысында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 798, жергілікті бюджеттен қосымша 430 тыңдаушы білім алды.
«Осылайша облыс бойынша барлығы 1228 жұмыссыз азамат оқытылды. Пандемия салдарынан оқыту онлайн режимінде жүргізілді. Дәріс 12 оқыту модулінен тұрады. Жалпы, өткен жылдың басында республикалық және жергілікті бюджет есебінен оқыту жоспары 153%-ға орындалды», - деді Аманат Талғатұлы.
Бағдарлама аясында оқыған 703 тыңдаушы 1,3 млрд.теңге сомасында қаржы алған. Олар өз жобаларын әрі қарай бастап, кеңейтуге мүмкіндік алды. Оның ішінде сертификат иелері 292,2 млн. теңге көлемінде 501 грант ұтып алды. Ал 622,8 млн. теңгеге 128 адам шағын несиелендіру арқылы қол жеткізген.
Ал, биыл «Бастау бизнес» жобасына онлайн оқыту биыл наурыз айының соңында басталады деп жоспарлануда. Оқытуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business. Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады.
Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 күн ішінде нысаналы топқа енетіні туралы ақпарат тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі.
Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 күннен аспайды және тегін өтеді.
Брифингте спикерге тұрғындардан бірнеше сұрақтар келіп түсті. Атап айтсақ, бағдарламаға кімдер қатыса алады, қанша қаражат көлемінде грант беріледі, жоба аясында қандай қолдау болады, бизнес-жоспарды кім жасайтыны туралы сауалдар болды.
Спикердің айтуынша, “Бизнес бастау” жобасына тек жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ал, қайтарымсыз грант алу үшін міндетті түрде оқығаны туралы сертификат болу керек.
Сонымен қатар, Аманат Талғатұлы алдағы уақытта туризммен байланысты кәсіп бастауға кеңес берді. Себебі, өңірге келетін туристер саны артып келеді, әрі ойын-сауық орталықтары аздық ететінін мысалға келтірді.