Бүгіннен бастап Ақтауда жүк көліктерінің қозғалысына мониторинг басталды. Патрульдік полиция мамандары 1 сағаттың ішінде 5 көлікті тоқтатты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қалалық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің жол және техникалық инспекция бөлімшесінің бастығы, полиция-майор Дамир Исмайловтың айтуынша, қалаға кіретін 27-жолда 5 жүк көлігі тоқтатылды. Оның ішінде тиісті құжаты жоқ, техникалық ақауы бар 3 автокөлік иесіне хаттама толтыртып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Рейдтің негізгі мақсаты - қала аумағындағы жүк көліктерінің жүру заңдылықтарын, техникалық жағдайын және тиісті құжаттары жоқ автокөліктерді тексеру. Сондай-ақ жол белгілері мен жаяу жүргінші жолақтары тексеріледі. Сол арқылы тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіледі. Рейд Маңғыстау облыстық көліктік бақылау инспекциясы және қалалық полиция бөлімшесі, депутаттармен бірге жүргізіліп жатыр", - дейді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаев.
Оның айтуынша, жүк көліктеріне мониторинг жүргізу жыл бойы жалғасады.
Аталған шара Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаевтың төрағалығымен өтіп жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА