Маңғыстаулық шаруалар зар еңіреп Нұр-Сұлтанға екі-үш рет, әкімдікке бірнеше рет барғаннан соң жарты жыл дегенде министрдің өзі келді. Күрделенген қуаңшылық мәселесі ауыл шаруашылығы министрін жолсыз жолмен жүргізіп, мал қораға да кіргізді. Ербол Қарашөкеевке маңғыстаулық шаруалар жанға батқан қиындығын нақтылап көрсетті. Шаруалар төрт түліктің 70 пайызы өліп, қалғаны көтерем болып тұрған шақта шенеуніктердің енді-енді іске кірісіп жатқанына ренжіді.
Егер халықта мал жоқ болса, ауыл шаруашылық министрі не үшін керек? Мына жердің бәрі тозып бітті. Жыңғылды ауылында 37 гектар жерді ауылдың депутаты сатып алып, соның 12 гектар жерін қырғыздарға жалға берді. Қырғыздар ол дерге селитраны әбден сеуіп, мындағы шаңның бәрі соның кесірінен. Сонан соң, мен Ақтөбеден осы уақытқа дейін 90 фурадай шөп тасыттым. Ең арзаны Маңғыстау облысында мен тасытқан шөп болды. Мен ешқандай жұмыс та істемеймін, мен әкім де емеспін. Мен мал азығын арзан тасығанда мына үкімет неге сондай көмек жасамайды осы уақытқа дейін? Әбден малымыздың 70 пайызы өлгеннен кейін кішкене қозғалып жатыр. Бірақ мұның өзі мардымсыз., - деді шаруа Әділбек Сағындық.
Әбден күйсіз қалған малды аман алып қалу үшін шырылдап жүрген азаматтар өз ұсыныстарын да айтты. Осы бастан қаражат бөліп, көктемнің басында және жаздың соңында арнайы құрылғының көмегімен жаңбыр жаудырса дейді. Егер одан нәтиже болмаса уақытша мал бағуға көрші өңірлерден жер алып, жағдай жасауын сұрады. Біз де министрдің өзіне ең тәуір деген малды көрсетіп, «бұл жағдайды қалай бағалайсыз?» дегенде «Жағдай қиын» деген жауап алдық. Ербол Қарашөкеев Маңғыстау облысындағы мәселені жеке бақылауына алып, шаруалармен тіке байланысып отырғанын және жол картасы бойынша әрекет етіп жатқанын айтты.
Маңғыстау өңірінде осы жағдайда болатын болса, жайылымдардың жағдайы күрт өзгеретін болса мәселені шешу керек. Өсіп кеткен жылқының басын бір жаққа шығарып, ғылыми негіздеме бойынша біз шешуіміз керек. Сол себепті әзірленген жол картасы бойынша барлығын бағалап отырмыз, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Министрдің сөзінше былтыр игерілмей қалған 650 миллион теңгедей қаражат үкіметтен қайта бөлініпті. Ол миллиондар мал азығын арзан алу үшін әр мал басына беріледі деді шенеунік. Одан бөлек, облысқа қосымша 17 ветеринар жіберіліп, төрт түлікті бірдейлендіру базасына тіркеу үшін малға қойылатын чип бағасын шамамен екі есеге арзандатып жатырмыз деді. Ал шаруалардың айтқан талабын үкіметте міндетті түрде қарастырамыз дейді министр Қарашөкеев.
Махаббат Нұржанқызы