Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің филиалы ашылды.
Жаңа білім ордасының оқу жүйесі ақылы және бюджеттік негізде жүзеге асырылады. Филиалға арнайы Ақтау қаласындағы “Мейірбеке” медицина колледжінен бір корпус берілген. Енді Ақтөбе қаласындағы медицина университетінің оқытушылары Маңғыстау өңіріне келіп, студенттерге сабақ береді. Ондағы негізгі мақсат – аймақтың әлеуетін арттырып, кадр тапшылығын азайту.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова қатысты. Ол Маңғыстауда медицина саласындағы білім беру нысандарын ашудың маңыздылығына тоқталып өтті.
- Бүгінде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде барлығы 766 студент өз білімін жалғастыруда. Оның дені маңғыстаулықтар. Енді еліміздің медицина университеттерінде бакалавр, интернатура, резидентура және магистратурада оқып жатқан азаматтар үшін Маңғыстауда білім алуға мүмкіндік туып отыр. Жаңадан ашылған оқу ордасы дәрігерлер даярлап шығаратын үлкен білім шаңырағы болмақ, - деді Гүлмира Қалмұратова.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы дәрігерлердің тапшылығы жоғары өңірлер қатарында. 2021 жылғы IV тоқсанның қорытындысы бойынша, ең төменгі есеппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда 228 маманның жетіспеушілігі байқалды. Олар, жалпы дәрігерлік практика, ересектер мен балалар анестезиологы, реаниматолог, терапевт, акушер, ересектер мен балалар гинекологы, педиатр, онколог, оториноларинголог, офтольмолог, психиатр, неонатолог, рентгенология, томограф, узист т. б.
Қазір жергілікті бюджет есебінен еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында интернатура мен резидентурада 82 студент білім алады. Сондай-ақ, облыс қаражаты есебінен резидентура мамандарын даярлау үшін 2023 жылы 36 грант, 2024 жылы 50 грант, 2025 жылы 72 грант бөлу жоспарланып отыр.