Ақтауда қазақ ақыны, әдебиеттанушы ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай оқушылар арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиада өтті. Шараға жалпы орта білім беру ұйымдарының 7, 8-сынып оқушылары қатысты.
Олимпиаданың мақсаты Ахмет Байтұрсынұлының құнды мұраларын дәріптеп, оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту арқылы жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.
Олимпиада үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазса, екінші кезеңде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармалары бойынша тест тапсырмаларын орындады. Ал үшінші кезеңде оқушылар Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларына талдау жүргізді.
Олимпиадаға әр аудан мен қалалардан барлығы 19 оқушы қатысты. Олимпиадада үш кезең бойынша жоғары ұпай жинаған оқушылар білім басқармасының арнайы дипломымен марапатталды.