Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмина Шайдуллина Швейцариядағы Франклин университетінде білім алуға шақырту хатын алды. Зияткер халықаралық экономика және бизнес мамандығы бойынша мамандана алады.
Айта кету керек, Әмина Шайдуллина мектеп тарихында швейцариялық университеттің білім грантына ие болған алғашқы оқушы. Бұған оқушының халықаралық деңгейде көптеген ізденіс жұмыстарын жүргізіп, The World Scholars' Cup сынды халықаралық байқаулардың жүлдегері атануы бірден бір себеп болды.
- Мамандық таңдау мен үшін өте маңызды іс. Мектептің кәсіби бағдар жөніндегі кеңесшісінің көмегінің арқасында мен өзіме ұнайтын, мүмкіндігім жететін университеттерге құжаттарымды тапсыра бастадым. Қазақстандық және халықаралық жоғары оқу орындарына құжаттарымды тапсыру үшін IELTS, SAT сынды емтихандарды тапсырып, жоғары нәтиже көрсетуге тырыстым, - дейді Әмина Шайдуллина.
Оның айтуынша, Франклин университетіне құжат тапсыруға жоғары рейтинг ықпалын тигізген.
- Менің мақсатым Қазақстанды дамыту барысында Швейцарияның Біріккен Ұлттар Ұйымында тәжірибе жинап, еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесімді қосу. Сол үшін де мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап түрлі халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатыса бастадым. Мектебімізде құрылған БҰҰ Моделі тобының белсенді мүшесімін. Қабылдау комиссиясында бұл еңбегіме назар аударылды деген ойдамын, - деді зияткер.
Франклин университеті - 1969 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны. Лугано қаласында орналасқан білім ордасы Америка және Швейцарияның аккредиттелуінен өткен алғашқы университеттердің бірі.