Маңғыстау облысы әкімдігінде 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы таныстырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің облыстағы департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш
Мырзағалиев тұжырымдаманың 6 негізгі бөлігіне тоқталды.
Оның айтуынша, жобаның алғашқы бөлігі сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға арналады. Яғни, мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпты үздік оқыту көзделіп отыр. Сол арқылы халық арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, мәселелерді шешудің заңсыз тәсілдерін іздемеуге мүмкіндік береді.
"Жобаның екінші блогы сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға бағытталған. Мұнда бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды орындау барысына азаматтық мониторинг, бюджеттік қаражат бенефициарларының жария тізімін енгізу ұсынылады. Сонымен қатар мемлекеттік ақшаны пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету мақсатында сатып алу туралы нормаларды бір заңда біріктіру ұсынылды", - дейді Қуаныш Мырзағалиев.
Сондай-ақ ол бір көзден сатып алу үшін негіздерді қысқартуды жалғастыру керек екенін, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесін оңтайландыруды атап өтті.
Тұжырымдаманың үшінші блогы жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталса, төртінші блогта азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылға одан әрі тарты шаралары қарастырылған.
"Бесінші блок сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мониторинг жүргізуге арналады. Бұл жүйеде мәселенің алдын алу бойынша министрлер мен әкімдердің рейтингтік бағасы көрсетіледі. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың Ұлттық индексін енгізу ұсынылады. Бұл белгілі бір дәрежеде халықаралық рейтингтерге тәуелділікті төмендетіп, әрекет етуге және уақытылы түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Алтыншы блок сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталады", - деді Агенттіктің облыстағы департамент басшысының орынбасары Қуаныш Мырзағалиев.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев тұжырымдаманы әзірлеу кезінде азаматтық қоғамның пікірі, қоғамдық құрылымдардың, сарапшылардың, бизнес-қоғамдастықтың ұсыныс, пікірі, тәжірибесі ескеріліп, талқыланатынын айтты. Сондықтан жиынға қатысушылар тұжырымдама жобасына сәйкес пікір білдіріп, өз ұсыныстарын айтты. Әзірге айтылған ұсыныстар бекітілген жоқ. Осы ретте Қуаныш Мырзағалиев қоғам белсенділері мен азаматтар өз ұсыныс-пікірін әлі де айта алатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бес жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдама жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында дайындалып отыр. Сонымен қатар Президент жақында бизнес-қоғамдастықпен өткен кездесуде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың реформаланатынын тілге тиек еткен болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА