25 қаңтар күні «WhatsApp» месенджері арқылы 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Батыр ана», «І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері мен 18 жасқа толмаған балалары бар көпбалалы аналарға біржолғы көмек ақша беріледі деген хабарлама таратылды. Хабарламада 5 ақпанға дейін құжаттарды жинап әкімдікке өткізу керек делінген.
Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсеновтың айтуынша, аталған ақпарат шындыққа жанаспайды.
-Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде көпбалалы аналарға 8-наурыз мерекесіне орай біржолғы материалдық көмек беру үшін ағымдағы жылдың 5-ақпанына дейін құжаттарды әкімшілікке тапсыру туралы жазылған жалған ақпарат таратылуда. Бұл ақпарат ешқандай шындыққа жанаспайды. Үкімет тарапынан қандайда бір қосымша көмек берілетін болса ол бірінші кезекте ресми сайттардан жарияланады. Алдағы уақытта да мұндай бейресми хабарландыруларға сенбеуге шақырамын, - деді Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шыңғыс Дүйсенов.