Жасы ғасырға жуықтаған Ольга Заривняк әлі тың. Қарт майдангер егде жасына қарамастан қолынан инесін тастамай, сүйікті ісімен айналысады. Тоқыма ісіне қызы мен немерелерін де баулыған,-деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
-Әжем саналы ғұмырын осы іске арнап, ұзақ жылдар бойы тігін шеберханасында жұмыс істеді. Тігін тігуді 13 жасынан бастаған. Ол қолынан өнер тамған ісмер. Ішкі киімдермен қатар, сыртқы, қыстық киімдерді де керемет тігеді. Бұл іске бізді де үйретті,-деді немересі Ирина.
Ольга Платоновна киім тігумен қатар, түрлі сәнді орамалдар тоқып, таныстарына сыйға тартады. Оның айтуынша, ең керемет сыйлық - ол өз қолыңмен жасалған дүние.
94 жастағы әжей кітап оқығанды жақсы көреді екен. Соңғы жылдары 70-тен аса кітап оқыған. Соның бірі – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы. Бұл шығармадағы қазақ халқының табандылығы мен батылдығы әжейді таңқалдырған. Ол бұл туралы ойын немерелерімен бөлісіп, қазақтың қайсарлығы туралы айтып берген.
Ольга Заривняк Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс басталғанда ол 14 жаста еді. Жас болғанына қарамастан, Ольга Заривняк Брест облысындағы туған қаласы Клещелидің партизан отрядының құрамында болды. Ол маңызды ақпарат жіберумен қатар, жараланған сарбаздарға көмек көрсетіп жүрді.