Алдағы уақытта Ақтаудың солтүстік-батысында орналасқан жаңа шағынаудандарда жылу қазандықтарын салу жоспарланған. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев хабарлады.
Оның айтуынша, облыста жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Өңірдің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік нысандары жылуға толықтай қосылған.
- Дегенмен де бұл салада мәселелер бар екені белгілі. Ақтау, Жаңаөзен қаласында тұрғындардың шағымы жиілеп кетті. Алдағы уақытта проблемалар кезең-кезеңмен шешіледі. Шаһардың солтүстік-батысқа қарай дамуын ескере отырып, болашақта көпқабатты үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін жаңа шағынаудандарға жылыту қазандықтарын салу жоспарланып отыр. Қазір тиісті жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Сараптамаға енді. Келесі жылдың 1-тоқсанында қорытындысын алып, тиісті қаражатты бөліп, құрылысын бастауға жұмыстанатын боламыз. Осылайша, мәселелер біртіндеп азаяды,-деді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.
Сонымен қатар, алдағы уақытта төменгі шағынаудандардағы ескі құбырларды жаңарту жоспарланып отыр. Қазір жобаға дайындық жұмыстары басталған. 2022 жылы жоспарға сай, 1-6 шағынаудандағы құбырлар ауыстырылады.
Брифингте тұрғындардан жылыту маусымына байланысты түрлі сұрақтар келіп түсті. Басым бөлігі қаладағы шағынаудандарға жылудың әр түрлі температурамен келіп тұрғаны туралы болды. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Алпысбай Таубаевтың айтуынша, тұрғындардың өздері жылудың бірқалыпты таралуына кедергі келтіруде.
- Ақтау қаласында 1100 көппәтерлі тұрғын үй, 78 қызмет көрсетуші мекеме бар. «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жылуды өндіреді, оны «КЖСА» КММ қалаға тасымалдайды. Ал, оның пәтерлерге таралуын қызмет көрсетуші мекеме (ПИК, ПИТК, МИБ) қарау керек. Сондықтан жылу төмен болса, ең бірінші ПИТК-ке өтініш беру керек. Ал, қызмет көрсетуші мекемеден кінәрат болмаса, демек кейбір тұрғындардың өз қолымен жасап отырғаны. Мәселен, жылыту маусымына байланысты тұрғындардан бірнеше шағым келіп түсті. Осыған байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылды, тексеру жүргізілді. Нәтижеге келсек, көпқабатты үйлердің тұрғындары жылыту жүйелеріне өзгерістер енгізген. Салдарынан жылу тиісті деңгейде бармай тұрғандығы анықталды. Яғни, бекітілген нормадан асып, жылытылған еденге өзгеріс енгізу, стояктағы перемычкаларды алып тастау болғаны белгілі болды. Барлық өзгеріс енгізген пәтерлер бойынша ешбір тұрғын құзырлы органнан немесе архитектура бөлімінен тиісті рұқсат алмағаны анықталды. Қазір тиісті жұмыстар жасалып жатыр Сондай-ақ, жөндеуден өткізген кезде кейбір нысандарда негізгі жылыту құбырының бетонның астына қалып қойғаны анықталып отыр. Сол себептен төменгі қабаттан жоғары қабатқа жылу бармаған, - деді Алпысбай Таубаев.
Сондай-ақ, комиссия қорытындысына сәйкес, жоғары шағынаудандардың жылу қазандықтары дұрыс жұмыс жасамай тұрғаны анықталған.
- Комиссиямен тексерген кезде, жабық жылу беру жүйесіне өтіп кеткен көбі. Яғни, жылу алмастырғыш(теплообменник) дейміз. Содан жылу дұрыс бармай отыр. Кеше бірнеше тұрғындардан ұсыныс түскенде, 19, 17 шағынаудандардағы барлық қазандықтар дұрысталғаннан кейін, жақсы жылу беріліп бастады, - деді қала әкімінің орынбасары.
Брифингте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС эксплуатация департаментінің директоры Сәбит Желкушинов та сөз сөйледі. Оның айтуынша, қалаға жіберілетін жылу кестеге сәйкес, 90 градусты құрайды. Ол тәуліктегі сыртқы ауа температурасына қарап беріледі.