Мұнайлы ауданында үш ауысымды 6 мектеп бар. Осы мәселені шешу мақсатында 2022 жылы 4 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Нақтыласақ, келесі жылы Маңғыстау елді мекенінде 320 орындық жеке меншік мектеп ашылады. Ал қаңтар айынан бастап бұрынғы КазАТК колледжі ғимаратын мектеп ретінде қайта жасақтайды. Сонымен қатар биыл Басқұдық ауылында 2 мектептің құрылысы басталды. Оның бірі – 600 орындық болса, екіншісі 1 200 орынды мектеп.
«2022 жылы аталған 4 мектеп уақытылы қолданысқа берілсе, №9 және №14 мектептегі мәселе шешіледі. Қазіргі таңда 45 мың халқы бар Басқұдық ауылына 2 мектеп аздық етіп отыр. Сондықтан балаларды Маңғышлақ стансасындағы №5 Ш.Мұңалы атындағы мектепке тасымалдап жүрміз. Егер жоспарланған мектептер ашылса, онда 800 баланы қашық орналасқан мектепке тасымалдаудың қажеті де болмайды. Сонымен қатар Маңғышлақ селосында орналасқан №5 мектептің мәселесі жеңілдейді. Негізгі Басқұдық, Атамекен мен Маңғышлақ ауылындағы мектептердің мәселесі шешіледі», - дейді Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы.
Десе де төрт мектеп проблеманы түбегейлі өзгертеді деуге әлі ерте. Себебі Батыр ауылы мен Қызылтөбедегі үш ауысымды мектептің жайы тағы бар. Бір жыл бұрын Батыр ауылында ашылған жаңа мектеп те үш ауысымды оқытумен бетпе-бет келіп отыр.
«Былтыр 900 орындық мектеп батырлықтарға пайдалануға берілген. Бірақ бір жыл ішінде бірнеше отбасының көшіп келуі мен табиғи өсім мектеп оқушыларының артуына себеп болған. Бұл ретте Самал шағынауданына мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мектеп құжаттары жасақталып жатыр. Ал 2022 жылы Қызылтөбе ауылында жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленбек. Осылайша 2025 жылға дейін білім саласындағы осы мәселе түбегейлі шешіледі», - деді Батырбек Демократұлы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА