Биыл Маңғыстау облысындағы алыс шалғайда орналасқан 9 елді мекен кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқарма басшысының міндетін атқарушы Аслан Хадим хабарлады.
Оның айтуынша, ауылдық елді мекендердегі интернет мәселесін шешу жұмыстары облыстағы байланыс мекемелері және ұялы байланыс операторларымен тиісті жұмыстар жалғасуда.
«Батыр, Тәжен, Құланды, Сенек, Онды, Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр және Шебір ауылдары талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша кеңжолақты интернетпен қамтамасы ету» жобасы бойынша жоғары сапалы интернетпен қамтылды. «Транстелеком» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ-мен келісім жасалды»,-деді Аслан Хадим.
Бұдан бөлек, облысымызға қарасты аудан орталықтары мен елді мекендері 100% ұялы байланыс желісімен қамтылған. Халық саны 250-ден асатын тағы 9 ауыл: Төлеп, Тұрыш, Аққұдық, Болашақ, Сенек, Бекі, Боздақ, Ұштаған, Жармыш мобильді интернетпен қамтылды. Қалған халық саны 100-150-ден аспайтын ауылды мекендерде 2G ұялы байланыс желісі ғана орнатылған. Алдағы уақытта ұялы байланыс желісі және ұялы интернет байланыс сапасын арттыру мақсатында Болашақ және Бекі ауылдарында ағымдағы жылдың соңына дейін антенна-мачталық құрылғысын салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, білім беру саласын цифрландыру бойынша 2 жоба іске аспақ. Бірінші, мектептерге арналған автоматтандырылған жүйе - оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалауға, асханада және қоғамдық көлікте төлемдерді электронды жасауға т.б. автоматтандырылған процестерге мүмкіндік береді. Екінші жоба, балабақшаға жолдама алу қызметтері автоматтандырылып, ата-анаға аймақтағы балабақшалардағы бос орындар туралы ақпараттар онлайн түрде қол жетімді болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2023 жылға дейін Ақтау қаласында 28 000 бейнебақылау камералары жедел басқару орталығымен (ЦОУ) орнату жоспарланған. Биыл жыл аяғына дейін 13 637-і қойылуы қажет.