Маңғыстаулық жастар «Көк тудың желбірегені» әнін өлең авторымен бірге шырқады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алмас Ахметбекұлы жастармен бірге әуелі әнұранды, одан кейін «Көк тудың желбірегені» әнін шырқады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған шарада ол жастарға өзінің ізгі тілегін айтып, алдағы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ ол өңірдің БАҚ өкілдеріне өлеңнің шығу тарихын баяндап берді.
Өлең авторы Қытайдың Қазақстанмен шекарасынан 37 шақырымда орналасқан Шыңжаң жерінде туған. Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 14 ай болғанда ол атажұртқа келе жатып, шекарадан кіргенде көк туды көріп қатты толқығанын айтады. Бүгінде күллі қазақ елжіреп айтып жүрген «Көк тудың желбірегені» өлеңі сол сезіммен туған. Қазір Ақтауда тұратын Қалыбек Кенжалиев деген азамат Алмас Ахметбекұлымен бірге шекарадан өткен әрі осы өлеңнің туғанына куә болған.
Бұл әр қазақтың жүрегіндегі сөз. Ақынның ең үлкен бақыты – әр қазақтың жан-жүйесіндегі сөзді тауып айту. Бұл сөз арқылы бүкіл қазақ ұлтының патриоттық төңкеріс болғанын мақтанышпен айтамын. Маңғыстау ұлттық эмоциясы басым өлке. Бұл өлкеде ақын ретінде көк туды желбірету маған да мақтаныш. Мұндай өлеңді жазғаннан кейін өлеңге қызмет ету керек. Сол өлеңнің халыққа қызмет еткеніне септігіміз тию керек, - дейді Алмас Ахметбекұлы.
Махаббат Нұржанқызы