Жергілікті қоғамдастық мүшелері Маңғыстау облыстық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында киіктердің үстірт популяциясын сақтау тақырыбында басқосу өткізді. Шара «Ecojer» қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің тең төрағасы Рашит Мұстапаевтың төрағалығымен өтті. Басқосуға Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев қатысты.
«Табиға орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясы Германияның қоршаған ортасы федералдік министрлігінің қаржылық қолдауымен «Киіктердің үстірт популяциясын сақтау бойынша жергілікті қоғамдастықтарды жұмылдыру» жобасын жүзеге асыруда. Аталмыш жобаны орындауға сарапшылық қолдауды биыл қыркүйекте дала экспедициясы аясында Маңғыстау және Ақтөбе облыстарына келген Германиялық табиғатты қорғау одағының (NABU) сарапшысы Штефан Михель көрсетуде.
Аталмыш жоба алдымен Ақтөбе облысының Байғанин және Шалқар аудандарынан бастау алып, қазіргі уақытта Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жалғасын табуда, болашақта Атырау облысының Жылыой ауданын қамту көзделіп, киіктердің үстірт популяциясының Қазақстан аумағындағы миграция жолдары қамтылады деп күтілуде.
«Ежелгі дәстүрге сәйкес, революцияға дейінгі уақытта жайылымдық жерлері болған қазақ халқы өздері тұрып жатқан аумақта мал жаюмен қатар жабайы жануарларды аулаумен де айналысқан. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Еліміздегі қолданылып келе жатқан табиғатты қорғау механизмдері киіктердің үстірт популяциясының санын бұрынғы қалпына келтіретіндей оң нәтижесін бермей отыр. Сол себепті қазіргі уақытта бұрынғы дәстүрді қайта «ояту» қажеттігі туындап отыр. Яғни туған өлкенің табиғатын, киіктерді сақтап қалу жауапкершілігін артуды мал өсірушілер мен аң аулаушыларға жүктеуіміз қажет», - деді жоба үйлестірушісі, «Табиға орта» өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы және «Ecojer» Қазақстандық қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңес мүшесі Әділбек Қозыбақов.
Жобаны ұйымдастырушылар тауешкі, бұрамамүйізді теке (мархур), арқар, қоңыр аю және қар барысы сияқты жойылып бара жатқан жануарлардың түрлерін қорғауға ауыл тұрғындарын тартып отырған әртүрлі елдердің, оның ішінде Тәжікстан мен Қырғызстан тәжірибелеріне сүйеніп отыр. Бұл туралы NABU биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық сарапшысы Штефан Михель сөз қозғады.
«Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің шалғайда тұратын тұрғындары браконьерлерге тойтарыс беріп келеді. Бір қызығы, кезінде өздері браконьер болған ауыл тұрғындары енді жануарлар әлемін қаскөйлерден қорғауға мықтап бел буған. Тауешкілер, текелер және арқарлар саны бірнеше есеге артқан тұста, жергілікті қауым кейбір жануарларға аңға шығу рұқсат берілген квоталарды ала бастады. Сонымен қатар, бөлінетін квотаның бір бөлігі мыңдаған доллар және евроға шетелдік аңшыларға үлестіріледі. Ал бұдан түсетін кірістер күзет қызметінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және ауылдардың инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге жұмсалады. Тұрақты аңшылықпен қатар жергілікті қоғамдастықтар экологиялық туризмді де нәтижелі түрде дамытуда», - деді халықаралық сарапшы.
Штефан Михель Қазақстанның осы тәжірибеге сүйенгені дұрыс деген пікірін білдірді, себебі дәстүрлі отарлы мал шаруашылығы тұрақты аңшылықпен жақсы үйлеседі.
Жоба үйлестірушісі Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары табиғатты қорғау құрылымдарымен, сонымен қатар «Охотзоопром» ӨБ» РМКК-мен жұмыс байланыстары орнатылған. Жобаны мемлекеттік емес коммерциялық емес құрылымдарынан «Ecojer» Қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалары қауымдастығы қолдайды.