Облыста шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, шағын және орта бизнеспен айналысқысы келетін тұрғындар мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға болады. Сондай бағдарламалардың бірі - «Бизнестің жол картасы – 2025», деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бағдарламаның мақсаты - өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру. Сонымен қатар бағдарлама шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру қолжетімділігін арттыру, өңдеу өнеркәсібі өндірген өнім көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістер құру, кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құзыреттерін арттыру және іскерлік байланыстарды кеңейтуге жол ашады.
«Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында 8 айдың қорытындысы бойынша 1 523 жоба 32,5 млрд теңгеге қолдау тауып, 400 жаңа жұмыс орындарын құрылып, 3 989 жұмыс орны сақталды. Оның ішінде 5,5 млрд теңгеге 631 жоба кепілдендіріліп, несие сомасы 27,0 млрд теңгені құрайтын 892 жоба субсидияланды. Бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяға 2019–2020 жылдары 42,0 млн теңгенің 15 гранты берілді. Биыл да республикалық бюджеттен 35,0 млн теңге бөлініп, 7-10 грант беру жоспарланып отыр. Қаржыны қазан айында игеретін боламыз. «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы шеңберінде өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды жүргізу бойынша 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейін 1,3 млрд теңгенің 9 жобасы өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданып, қолдау тапты», деді МО кәсіпкерлікті қаржылық-несиелік қолдау бөлімінің бас маманы Бағдат Қуандық.