Қазір Маңғыстау облысында профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес егу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте нені ескеру керек, вакцина біздің өмірімізге не үшін қажет. Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Мадина Рахметовамен сұхбаттасқан едік.
– Мадина Есентұрдықызы, жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жолдады. Онда Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлінгенін айтты. Сіз осы ретте не дейсіз?
– Шынында да халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Президентіміз Қ. Тоқаев өз сөзінде айтқандай былтырдан бері коронавирус инфекциясы денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі де қайтар емес. Көптеген азаматымыз осы дертке шалдығып, індеттің ілмегінде кетті. Бірі әкесінен, бірі анасынан енді бірі бауырларынан айырылуда. Мұндай жағдайда еліміз алпауыт елдердің ішінен, алдыңғы қатардан көрініп, коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмәніміз жоқ. Себебі вакцина барлық зерттеулерден толықтай өткен.
– Елде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адам әлі де көп сияқты. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты қауіпті?
– Ия, вакцинаға қарсылық көрсететіндер әлі де бар. Бұған әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттар және де жеке сенімсіздік әсер етеді. Соның салдарынан өкінішке орай, Маңғыстау өңірі халқының тек қана 39 пайызы ғана вакцина алған. Жалпы вакцина кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. Кезінде ата-бабаларымыз да осы вакцинаның арқасында көптеген жұқпалы, аса қауіпті ауруларға қарсы тұрды. Қазақстанда қарсы егу жүргізілетін инфекциялардың тізбесі Қазақстан Республикасының Үкіметінің «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» 2020 жылғы 24 қыркүйек № 612 қаулысымен бекітілген. Қазақстан Республикасында Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде вакцинациялау тегін жүргізіледі. Кейбір елде профилактикалық егулер болмаса аймаққа кіруге тыйым салады. АҚШ, Англияның оқу орындарында оқу үшін барлық профилактикалық егудің болуы талап етіледі.
Сауд Арабиясына қажылық сапарға баратын адамдарға менингококк инфекциясына қарсы вакцинациялау талап етіледі, ал, Бразилияға, Боливияға, Колумбияға, Кенияға және африкалық континенттің басқа да елдеріне барғанда сары қызбаға қарсы вакцинациялаудың болуы талап етіледі.
– Түсінікті. Бүгінгі күнде вакцина әсерінен жойылып бара жатқан аурулар бар ма?
– Біздің елде вакцинациялау 60 жыл бойы сәтті жүргізіліп келеді. Вакцинация ауыр түрде өтетін, асқынулары бар, соңы өлім-жітімге апаратын, алдымен балалардың ағзасын зақымдайтын ауруларға қарсы бағытталған.
Вакцинамен аурудың алдын алу жетістіктерінің жарқын үлгісі ретінде табиғи шешектің жойылуын санауға болады. Әлемде 1977 жылдың қазанынан бастап шешектің бір де бір жағдайы тіркелмеген, бұл осы инфекцияның жойылуын 1980 жылы ресми түрде мәлімдеуге мүмкіндік берді. Шешектің жойылуы белсенді иммундау әдісінің көмегімен басқа да инфекцияларды жою үшін үлгі болды. Қазақстан 2002 жылы полиомиелиттен еркін аумақ ретінде сертификатталған. Алайда, Африканың бірқатар елдерінде, Пәкістанда, Ауғанстанда және Үндістанда полиомиелиттің жабайы вирусының айналымы жалғасуда, инфекцияның біздің елге жету қаупі сақталуда, сондықтан Қазақстан Республикасы полиомиелитке қарсы вакцинация жүргізуді жалғастырып жатыр.
Дифтерия басқа инфекция сияқты емес, жүрек бұлшық еті, тыныс алу бұлшық еті мен диафрагма параличі, жұмсақ таңдай, бет, мойын, дене және аяқ-қол бұлшық еттерінің параличі сияқты көптеген асқынулар туғызады. Бұл инфекция кезінде өлім-жітім 10-нан 20%-ға дейін болуы мүмкін.
– Ал осы жұқпалы ауруларға қарсы вакцина салдырмай, ауырғаннан кейін адамда қандай кері әсер болуы мүмкін?
– Эпидемиялық паротитпен ауырғаннан кейін бедеулік, қызылшадан кейін – өкпенің, мидың қабынуы, көздің көрмеуі, кереңдік, В гепатитінен кейін - бауыр циррозы, гепатокарцинома (бауыр обыры) секілді ауыр асқынулар пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты вакциналаудан бас тартқандарға инфекциялар мен оның асқынулары қауіп төндіреді.
Өкінішке орай тұрғындар вакциналаудың маңыздылығы мен тиімділігі туралы ақпараттарға, жүргізілген жұмыстар нәтижесіне қарамастан егуден бас тартып жатыр.
– Маңғыстау облысы бойынша нақты көрсеткіш бар ма?
– 2021 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша егуден бас тартқандар саны 82 адамға өскен (өткен жылы 1 197 адамнан 1 279 адамға өскен). 1 279 екпеден бас тарту жағдайының ішінен діни ағымда – 462 (36,1%), жеке сенім – 552 (43,1%), вакцинаға сенімсіздік – 238 (18,6%), бұқаралық ақпарат құралдары арқылы – 27 (2,1%) адам бас тартқан.
Облыс бойынша 1 279 екпеден бас тартқанның арасынан үлес салмағы бойынша Ақтау қаласында 470 (36,7%), Жаңаөзен қаласында – 298 (23,3%), Мұнайлы ауданында – 171 (13,4%), Түпқараған ауданында – 136 (10,6%), Қаракия ауданында – 97 (7,6%), Бейнеу ауданында – 89 (7,0%), Маңғыстау ауданында – 18 (1,4%).
– Қазір профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес егу жұмыстары жүріп жатыр. Осы ретте нені ескеру қажет?
– Маңғыстау облысында профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жүргізілетін халықты иммунизациялау вакцинамен басқарылатын қызылша, қызамық және эпидемиялық паротит жұқпалы аурулардың төмендеуіне мүмкіндік берді.
Тұрғындарға айтарым, инфекциялық аурулар қаншалықты қауіпті болса да, олардың алдын алуға болады. Өз балаңыздың профилактикалық егулерді уақытында алуын және еліміздің сау азаматы болып өсуіне көмектесіңіз. Қазіргі таңда 2021-2022 жаңа оқу жылында 1-сынып оқушыларын БЦЖ, манту салдыруға көптеген ата-ана қарсы болып жатыр. Бұл вакцина – туберкулез ауруыны қарсы вакцина. Сіз өз балаңызды БЦЖ вакцинасын салдыру арқылы туберкулез ауруынан сақтай аласыз ғой. Алайда халық арасында жалған ақпараттар, яғни «балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салайын деп жатыр екен. Соны БЦЖ саламыз деп өтірік айтып рұқсат алып жатыр екен» деген неше түрлі алып қашпа әңгімелер тарап жатыр. Мұндай жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Қандай да бір екпе салынатын болса, заң жүзінде міндетті түрде ата-анасының рұқсаты алынады. Бірақ қазір ҚР Үкіметінің «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» 2020 жылғы 24 қыркүйек №612 қаулысындағы көрсетілген БЦЖ вакцинасын балаларға салынуына кедергі болып жатыр. Осы ретте айта кетейін, балаларға салатын коронавирус инфекциясына қарсы вакцина елге әлі келген жоқ.
– Мадина Есентұрдықызы, сұхбатыңыз үшін рақмет!
Жұлдызай ҚАЛИЕВА