Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылының тұрғыны Жаңыл Құлқаева қолдан жарық шамдар жасайды. Оның бұл кәсіпті қолға алғанына 1 жыл болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шебер қолдың иесі аз уақыттың ішінде түрлі түсті 50-ден астам жарық шам жасап үлгерген. Қызығушылық танытып, тапсырыс берушілер де аз емес. Жаңыл алдағы уақытта шеберлік сағаттарын өткізуді жоспарлап отыр.
«Бұл кәсіппен айналысқаныма 1 жыл болды. Шебер қыздар жиналған ортақ чатымыз бар. Ол жерде әр облыстан жиналған жандар өз ұсыныстарын айтады. Бірі орамал, бірі шәлі, енді бірі шұлық тоқығандарын көрсетіп, ойларын ортаға салады. Маған ұнағаны қолдан жасалған жарық шам болды. Білікті маманның шеберлік сабағынан өтіп, аз уақытта үйреніп алдым. Оны жасау үшін жарық диодты шамдар, изолон материалы, тоқ жалғайтын құрылғылар, пластикалық құбыр мен сым қажет. Менің қазір жасап жүргенім шелекке отырғызылған гүл типтес жарық шам. Оның сабағы, жапырағы мен гүлі реттілік бойынша жасалады. Тапсырыс берушілер бар. Оның басым бөлігі жақындарының туған күніне сыйлық ретінде сатып алады», - деді Жаңыл Кұлқаева.
Жаңылдың қолөнерге деген талпынысы бала күнінде пайда болыпты. Нағашы әжесінің бағыт беруімен кез-келген бұйымды лезде үйреніп алады. Оның қолынан шыққан әр туынды ерекше үлгіде. Алаша, киіз, орамал, сөмке, моншақ, кәжекейге тағатын қарсы ілгек пен құрақ көрпе тігетін Жаңыл болашақта қолөнер шеберлерін дайындайтын мектеп ашуды армандайды.