Бүгін, 28 қыркүйекте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев зиялы қауым өкілдерімен, ҚР Жазушылар одағының мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қаламгерлер бас қосқан жиында келелі мәселелер талқыланып, пікір алмасу болды. Әсіресе жас жазушыларға қолдау көрсету, ұзақ жылдар әдебиет саласына еңбек сіңіріп, өмірден озған майталмандардың есімін ұлықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өңір басшысы зиялы қауым өкілдерінің қоғамдық мәдениетті қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
- Адамның жеке тұлға болып қалыптасуы отбасынан басталады. Дәл сол жерде мінез, әдеп сынды қоғамда өмір сүруге қажетті жеке қасиеттер қалыптасады. Отбасында алған бұл тәрбиелер кейіннен адамның мінез-құлқын, оның басқаларға деген көзқарасын анықтайды. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ тәрбиелеуде зиялы қауым өкілдері, шығармашылық тұлғалар және мәдениет майталмандары маңызды рөл атқарады, - деді Нұрлан Ноғаев.