Жаңаөзендік тұрғын Гүлшат Тулеуова асыл тұқымды ешкі сүтінен түрлі өнімдерді жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ол 2019 жылы «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсын оқып, мемлекеттік грантқа ие болған. Ресейден 3 занин ешкісін сатып алып, оны көбейткен. Бүгінде Гүлшат табиғи ешкі сүті, құрт, брынзаны нарыққа шығарып отыр.
«Бастапқы уақытта сатып алған ешкі саны қазір 13-ке жетті. Күніне 7-8 литр сүт береді. Ешкі сүті мен одан жасалған өнімдерді көбінесе үлкен жастағы тұрғындар сатып алады. Кәсіптен шамамен 100 мың табыс түседі. Оның жартысын мал азығына жұмсаймыз», - дейді Гүлшат Тулеуова.
Ал алдағы уақытта ешкі сүтінен балқаймақ, йогурт, балмұздақ жасауды ойлап отыр.
«Қалада аутизммен ауыратын балаларды жиі байқаймын. Балалар мен ата-аналарға әлеуметтік көмек беру үшін арнайы орталық ашуды жоспарлап отырмын. Онда табиғи ешкі сүтін алуға мүмкіндік болады. Ешкі сүті дәрумендерге бай, тіпті ана сүтімен бірдей, пайдалы болары анық», - дейді кәсіпкер.
Жаңаөзен қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы Еламан Нурулланың айтуынша, аталған «Бизнес бастау» жобасы арқылы 274 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған. Соның ішінде тек 167 тұрғын мемлекеттік грантқа ие болған.
«Аталған мемлекеттік грант 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни 583 400 теңге. «Еңбек» бағдарламасына жұмыссыз азаматтар, оның ішінде «Бастау бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздері курсы мен қысқа мерзімді кәсіптік курстарды аяқтап, сертификат алғандар, сонымен қатар кәсіпкерлер мен бірыңғай жиынтық төлемдерін төлеп жатқан адамдар үміткер бола алады. Айта кетейін, атаулы әлеуметтік көмек алып жатқан отбасы мүшелері, көпбалалы аналар, қандастар мен қоныс аударушыларға «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны жөнінде сертификат талап етілмейді», - дейді Жаңаөзен қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы Еламан Нурулла.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН