Маңғыстау облысында қысқы мал азығы қоры дайындалып жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жалпы облыс бойынша осы жылға және қыс мезгілінен өту үшін 77 000 тонна шөп және 53 000 тонна жем қажет.
Жыл басынан бері қазіргі күнге дейін аймаққа 37 500 тонна шөп пен 22 мың тонна жем өзге өңірлер мен жергілікті жерден жиналды.
2021 - 2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында Премьер-Министр А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді (1,9 млрд. теңге – шөп, 3,4 млрд. теңге – жем). Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарланып отыр.
Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті.
Облыс әкімі С. Трұмов «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е. Әбіловке мал азығына бөлініп жатқан мемлекет қаражатын қадағалауды тапсырды.
«Өңірдегі шаруаларға үкіметтен қаржы бөлініп, қайтарымсыз қаржылай көмек беріліп жатыр. Қысқы мал азығын дайындауға да мемлекет қазынасынан қаржы бөлінді. Облысқа өзге өңірлерден жем-шөп тасымалдануда. Осы жұмыстарды партиялық бақылауға алу қажет», деді С.Трұмов.
Сондай-ақ апталық аппараттық жиында жылыту маусымына дайындық бойынша ақпарат берілді.
Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Б. Қартбаевтың айтуынша, биыл 556 шақырым электрмен жабдықтау желілеріне жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі күнге аталған жұмыстың 99 % орындалды. Сонымен қатар, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де энергетикалық құрал-жабдықтарын күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Атап айтқанда, 1-ші қазандық агрегатыда, 3-ші турбоагрегатында басталған жөндеу жұмыстары аяқталу саятысында. Жылыту маусымы басталғанға дейін аталған қазандықтар толық іске қосылады.
Бұдан бөлек, жиында цифрлық технологиялар басқармасының басшысы А. Хадиев облысты цифрландыру бойынша арнайы концепция жасалып жатқанын айтты.
Жоба экономика, білім, денсаулық, қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік, спорт және мәдениет, көлік, телекоммуникация және ТҮКШ сынды 11 бағытты қамтымақ.