Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Бейнеу ауданының меценаты, жеке кәсіпкер Рәббім Борашев Шалқар – Торғай – Нұр-Сұлтан бағытында велосаяхатқа шықты, депп хабарлайды mangystaumedia.kz
Бейнеу ауылындағы Әли Балта Палуан атындағы орталық стадионда Рәббім Байбозұлын саяхатқа шығарып салу шарасы өтті. Шараға "Nur Otan" партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұралы Жолышов, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ынтымақ Божанов пен жастар қатысты.
"Рәббім ағамыз әрқашан жақсы бастамалардың басында жүреді. Бұл ісіде жастарды спортпен шұғылдануға мотивация беретіні анық. Алдағы бастамаңызға сәттілік тілеймін. Нұр-Сұлтан қаласына аман-есен жетіңіз. Жолыңыз ашық болсын", деп өз тілегін жеткізді Тұралы Ботақараұлы.
Рәббім Байбозұлы да жастарға өз ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Рәббім Борашев велосаяхатты өткен жылы бастап, осы мақсатта Бейнеу – Шалқар бағытында жүріп, карантиндік талаптарға сәйкес тоқтатқан болатын. Сонымен қатар өткен жылы Бекет Атаның 270 жылдығына орай Тәжен-Бейнеу-Отпантау бағытында 420 шақырым және Бекет Атаның төрт мешітінің бағыттары бойынша 850 шақырым велосаяхат жасаған.