«Достық үйі» ғимаратында «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант ұйымдастырылды. Бұл жолғы шараның ерекшелігі – қатысушылардың жасына шектеу қойылмады. Жобаны өткізудегі мақсат –елдегі этносаралық қатынас тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту.
Жалпықазақстандық диктантқа 30-дан аса ерікті қатысты. Оның ішінде мектеп оқушылары мен түрлі этнос өкілдері бар. Диктант тақырыбы – «Тәуелсіздік – басты құндылығымыз»
- Қыркүйектен бастап барлық мектептер дәстүрлі форматта оқуды жалғастыруда. Балалар қайтадан партаға отырып, қалыпты жағдайға оралдық. Бұл – барлығымыз үшін үлкен мереке. Осыған орай бүгін «Достық үйінде» оқушылар мен түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, шара өткізудің сәті түсті. Тәуелсіздік жайында диктант жазу арқылы әр қатысушының елге, туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түседі деп ойлаймын. Ғимаратта қазақ тілі сабағы тегін оқытылады. Осы диктант арқылы келіп түскен жұмыстарға сүйене отырып қатысушылар жүргізіліп жатқан сабақтарды қалай қабылдады, мәтін жазған кезде көбіне қандай қателіктер кетеді, қандай мәселелерге мән берген дұрыс деген сұрақтардың жауабын ала аламыз, - деді облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Аманкүл Жайылханова.
Аталған тақырыптағы жалпыхалықтық диктант облыс бойынша барлық мектептерде, білім беру ұйымдарында, мемлекеттік мекемелерде, кітапханаларда бір уақытта ұйымдастырылған.
- Бүгін алғаш рет қазақ тілінде диктант жаздым. Мен үшін әрине, қиын болды. Білімімді одан әрі толықтыру керек екеніне көзім жетті. «Достық үйі» ғимаратында өтетін қазақ тілі сабағын қалдырмауға тырысып жүрмін. Бүгінгі диктант ерекше болды. Адамда үйренемін деген шынайы ниет болса, кез келген тілді игеріп алуға болады, - дейді орыс этнобірлестік өкілінің мүшесі Галина Погорелова.
Алдағы уақытта ең үздік диктант жазған қатысушылардың есімі анықталып, марапатталатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып бұл жолғы шара шағын ғана аудиторияға ұйымдастырылған. Болашақта жоба аясында мемелекеттік тілдің насихатталуына арналған осындай шараларды кеңірек көлемде өткізу жоспарланған.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА