Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Ли облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелерімен және этномәдени бірлестік төрағаларымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен Юрий Виссарионович «Достық үйі» ғимаратын аралап, ондағы этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты.
Содан соң МО ҚХА ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Онда өңірдегі өзекті мәселелер талқыланды. Этномәдени бірлестіктердің төрағалары тарапынан экология, туризм, қаладағы су мәселесі бойынша ұсыныс, пікірлер айтылды.
«Маңғыстау облысына келудегі мақсатым - облыстағы Қазақстан Ассамблеясы және «Қоғамдық келісім» КММ-нің жұмысымен танысу. ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болғандықтан міндетті түрде мекеменің қаржы және бюджет мәселелеріне назар аудару. Қазір қаржылық сауаттылықты арттыруға көңіл бөлініп отыр. Одан өзге де әлеуметтік, мәдени, әрине экономикалық мәселелерді қарастырып, еліміздің әрі қарай дамуына септігін тигізетін жобаларды, ұсынысты тыңдадым», - деді Мәжіліс депутаты Юрий Ли.
Сондай-ақ ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты жаңа және заманауи үлгіде салынғанын және этномәдени бірлестіктердің мәдениетін көрсететін көрменің жан-жақты жабдықталғанын атап өтті. Оған қоса қазақ тілі мен әдебиетінің кең насихатталуына да үлес қосып жатқанын тілге тиек етті.
Мәжіліс депутаты жиын соңында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы жұмыстарына табыс тілеп, байланыстың бұл кездесумен тоқтап қалмайтынын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Юрий Ли Маңғыстау облысындағы іс-сапарынан соң Қостанайға баруды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер автордан