©
Маңғыстауда ҚР Жоғарғы Соты «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық мемлекеттілікке жәрдемдесу» GIZ өңірлік бағдарламасының қолдауымен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі ережелерінің қолданылу тәжірибесін іске асыру мақсатында семинар өткізді.
Жиынға Жоғарғы Соттың судьясы Аслан Түкиев, Резекне (Латвия) қаласының әкімшілік сотының төрағасы Станислав Линкевич, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы м.а. Е.Қарабаев, Батыс аймағы бойынша әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағалары, әкімшілік істерді қарайтын өңір судьялары, Берлин қаласының әкімшілік сотының судьялары Йорг Пуделька, Штефан Гроскурт, Каспий университетінің профессорлары қатысты.
«Орталық Азия елдеріндегі құқықтық мемлекеттілікке жәрдемдесу» GIZ өңірлік бағдарламасының басшысы, судья Йорг Пуделька әкімшілік талаптардың түрлері және оларды тиімді құқықтық қорғаудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ, тиімді әкімшілік әділет пен сот төрелігіне қолжетімділік мемлекеттік басқарудың, сенімді инвестициялық ахуал мен заң үстемдігінің негізгі құрамдас бөліктері болып табылатынын жеткізді.
Каспий университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Роман Подопригора әкімшілік іс жүргізу бөлігінің жалпы ережелері, Берлин қаласының әкімшілік сотының судьясы Штефан Гроскурт әкімшілік сот істерінің соттылығы, Резекне (Латвия) қаласының әкімшілік сотының төрағасы Станислав Линкевич соттың белсенді рөлінің принципі туралы баяндамаларында әкімшілік-әділет құрлымының негізгі мәселелеріне тоқталып өтті.
Жиын соңында Е. Қарабаев спикерлерге мазмұнды түсіндірулер мен судьяларға жаңа кодекстің нормаларын қолдануда көрсеткен мол тәжірибелік көмегі үшін алғысын жеткізді.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН