Жаңаөзенге қарасты Қызылсай ауылында бұрынғы шағын дәрігерлік емхана тозығы жетіп, ескірген болатын.
Жақында тұрғындардың көптен бергі тілегі орындалып, амбулаторлық жаңа ғимарат қолданысқа берілмек. 50 адамға арналған нысанда ауылда заманауи УЗИ, рентген аппараттары орнатылады.
«Қызылсай ауылына бір уақытта 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория қажет болды. Алайда ауылымыздың экономикалық өсімін, бала санының туылу көрсеткішін ескере отырып 50 келушіге арналған емхана салып жатырмыз. Жақында облыс әкімі арнайы келіп, жаңа нысанның құрылысымен танысып кетті. Халықтың сұранысына сай УЗИ және рентген аппаратына қажеттілік бар екенін айттық. Аймақ басшысының шешімімен аталған аппараттар беріледі. Енді ауыл тұрғындары сол үшін қалаға қатынамай, керекті дәрігерлік көмектерін ауылдан алуға мүмкіндік туып отыр. Тамыз айында аталған нысан пайдалануға беріледі»,-деді ауыл әкімі Расул Әбішаев.
7 500 тұрғыны бар Қызылсай ауылында алдағы жылы өрт сөндіру депосы да салынады. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.