Ақтауда халықтың егiлуге жатқызылатын тобының 60%-ға жуығы вакцинаның I компонентiн алды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, қала тұрғындарының 101 105-ы егілуге тиісті топқа жатады. Оның 59 316 адамы I компонентпен егілді. Бұл 58,6 пайызды құрайды. Ал II компонентті 41 933 азамат алды.
«Ақтау қаласы бойынша 9 екпе егу пункті бар. Атап айтқанда, №1 және №2 Ақтау қалалық емханасында, «Нейрон», «Еркемед», «Медикер каспий», «Ясин», «Сенім» медициналық клиникаларында, «Sofie Medgroup» көпсалалы клиникасында және 34ш/а «Дина» гипермаркетінің жанындағы жылжымалы егу пункті. Барлығы тиісті құрылғылармен жабдықталған», - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Баспасөз конференциясында қала әкімі дәрігерлерге көрсетілетін көмекке тоқталып өтті.
«Ертеңнен бастап белсенді азаматтармен бірігіп коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген дәрігерлерге түскі және кешкі асты жеткізетін боламыз. Кеше жергілікті кафемен келісімшартқа отырдық. Бұл науқан шамамен 1 ай жалғасады», - деді ол.
Айта кетейік, қала аумағындағы дәріханалар мен арнайы қоймаларда дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар. Оның ішінде демалу жүйесіне арналған препараттар, антибиотиктер мен вирусқа қарсы дәрілік заттар жеткілікті.
«Кейбір дәріханалар тапсырысты уақытылы бермеуі мүмкін. Сол кезде, сәйкесінше, дәрі-дәрмектің тапшылығы байқалады. Ал жалпы алғанда дәріге қатысты былтырғыдай мәселе жоқ», - деді Нұрдәулет Қилыбай.