Адам өмірі қимылсыз өтпек емес. Аяқ-қол қимылдамаса, яғни, еңбек етпесе, ас-су да жоқ. Алайда, ықылым заманнан келе жатқан бұл ұғымның маңызы бүгінде жойылған сияқты ма, қалай? Бүкіл шаруасын алақандағы смартфонмен, алдындағы ноутбукпен бітіріп, үйден шыға сала бір аттам жерге автокөлікпен баратын қазіргі адам жаяу жүруге ерінетін күйге жетті. Коронавирус індеті жайлағалы, міне, екінші жыл, онлайн жұмыс деп те тырп етпей қалдық.
Дәрігерлердің айтқанына құлақ ассақ, қимыл-қозғалысы жоқ адамның бұлшық еттері серпінділігінен айрылып, жүрек әлсіреп, түрлі ауруға шалдығады екен. Соның салдарынан қан қоюланып, дертке дерт жамайтын көрінеді. Толассыз түсіп жатқан ақпараттарға үңілсек те, ковид пневмониясынан қайтыс болып жатқандардың көпшілігінің қаны қоюланғанын көреміз. Провизор орталықтарында емделген науқастарға да дәрігерлер өкпенің белсенділігін арттыру үшін жаттығу жасатады. Демек, қимыл-қозғалыс бүкіл ағзаға керек.
Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Оңалту орталығы» КММ директоры Дина Сейдалиевадан инсультке ұшырайтын науқастардың бүгінгі жайын сұрағанымызда, ол осы аурумен ауыратындардың көбейіп келе жатқанын айтты.
Одан да өкініштісі — инсультпен бұрынғыдай егде жастағы кісілермен қатар тепсе, темір үзер жастардың да жиі сырқаттанатыны. Дина Оразалықызы жастардың қимыл-қозғалыссыз қалуы осындай ауруларға тап болуына басты себеп болуы мүмкін деген ойын жеткізді. Бұған қымбатшылық пен жұмыссыздықтан болатын стрессті қосыңыз. Коронавирусқа, вакцинаға, басқа да қазіргі жайттарға орай ғаламторды шарлап жүрген кісі шошырлық өтірік-шынды ақпараттар да жүйкеге әсер етпей қоймасы анық. Осылайша, жап-жас қыз-жігіттер өмірінің ең бір қызықты болар кездерін төсекке таңылған күйде сүреңсіз өткізіп жатыр...
Дегенмен, өздігінен қимылдай алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға өмірден түңілуге болмайды. Олардың бірқатары Ақтау қаласындағы Шығыс-1 шағынауданында орналасқан осы «Оңалту орталығына» үміт артқан.
Жалпы аумағы 10816,0 м2 орталықта инсульттан кейінгі оң жақ сол жақ гемипарез, омыртқа ауытқуына шалдыққан, мүгедек арбасына таңылған, бала жасынан сал ауруына ұшыраған яғни қимыл-қозғалыс аппараты бұзылған 1-2-топ мүгедектеріне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
2018 жылғы қаңтар айынан бері жұмыс істеп тұрған орталық күнтізбелік 20 күн бойы әлеуметтік қызметке мұқтаж тірек-қимыл аппараты бұзылған 50 мүгедекті қамтиды. Науқастар қолданатын аспаптар да сапалы, қымбат тұратын дүниелер. Барлығы да жаңа, соңғы үлгідегі жетілдірілген тренажерлар. Дина Оразалықызынан тренажерлардың әрқайсысының қызметімен таныстыруын өтіндік.
- Биыл бюджеттен бөлінген қаражатқа Германияда жасалған 7 оңалту тренажерлары қабылданды, - дейді ол. - Көпфункциялық қабырғаға жапсырылған оңалту тренажеры— резиналы манжетпен 18 түрлі бағытқа аяқ-қолдарды созу жаттығуын жасауға арналған оңалту тренажеры. Тренажерда түргеліп тұрып, отырып, жатқан күйде және мүгедек арбасында отырып та жаттығуға болады. Ал өзі жүріп-тұратын қызмет алушылар қосалқы орындықты пайдаланады. Бұл тренажер бұлшық еттерге арналған 18 бағытта жаттығулар жасағанда мидың коректенуіне ықпал етіп, бас ми тамырларына оттегі жеткізуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ адам бұлшық еттер гипертонусынан сақтандырады. Бұлшық еттерге жаттығу жасағанда буындардың сырқырауы, күйгелектену, жүйке жүйесінің тозуы азаяды, адам өзін сергек сезінеді. Қимыл-қозғалыс рефлекстерін дамытып, белсенділігін арттырады. Ал отыру және жартылай жату арқылы аяқты басу, аяқты созу тренажеры—екі аяққа, бөксеге жаттығу жасауға арналған оңалту тренажеры. Мұнда аяқпен тіреп, аяққа, бөксеге жаттығу жасағанда аяқтың күре тамырлары арқылы жүрекке күш түсірмей, адам бойындағы қан айналысын жақсартады. Денедегі барлық органдар қимыл-қозғалысқа түседі. Тірек-қимыл жүйесінің ауырурын басады, бел омыртқа, жамбас, бөксе, аяқ сүйектерінің беріктігін арттырады. Арқа, бел, бөксе, жамбас бұлшық еттерінің қызметі жақсарып, адам өзін сергек сезінеді. Аяқтағы спастикалық сипаттағы ауырсыну сезімдері азаяды. Жаттығу балтыр, сан, жамбас бұлшық еттерінің құрысын жазып, аяқ буындарына сары су жиналмауға, шеміршек, сіңірлердің тартылып, сырқырамауына пайдасы зор.
Арқаны, омыртқаны тербелтетін тренажерымыз да бар. Ондағы электрлі реттегішпен мойын, омыртқа буындарына, омыртқа бұлшық еттеріне жаттығу жасайды. Отырған орында тренажер жастығы адамды еңкейтіп, шалқайту арқылы омыртқа буындарына жаттығу жасайды. Жаттығу мойын күре тамырларының жұмысын жақсартады. Бел омыртқа—адам күшінің тірегі. Омыртқаны жаттықтыру арқылы жүректің жасаруына, адам бойында қосымша күш-қуат жинауға, ағзаның қорғаныс күшін нығайтуға оң ықпал жасайды. Тербелту тренажерындағы жаттығу адам ағзасындағы зат алмасу бұзылуынан қорғап, ұйқы және бүйрек бездерінің қызметін қалыптастырады. Омыртқа бұлшық еттеріне жаттығу жасау артериялар мен тамырлардың жұмыс қабілетін арттырады.
Қолды артқа қарай созатын оңалту тренажерында электрлі реттегішпен арқа, иық, жауырын қалқаншалары буындарына кеудені тіреу арқылы жаттығу жасауға арналған төртінші тренажерымыз бұлшық еттердегі тартылған сіңірлерді қалпына келтіреді. Мойын, арқа, жауырын омыртқа бойларына тұз жиналудан сақтайды. Арқа, иық, жауырын бұлшық еттерінің құрыстарын жазып, шеміршек, сіңірлерінің тартылып, сырқырамауына пайдасы зор. Жауырын омыртқаларына қимыл-қозғалыс енгізу арқылы адам бойындағы микроцеркуляцияны қалыптастырып, тамыр бойындағы лимфа жолдарын ашады. Тренажерда төссүйекке сығымдап жаттығу жасау арқылы ағзаның тыныс алу жолдары кеңейеді. Демікпеден күйзелістен арылуға септігін тигізеді. Ми мен жұлын қан айналымының және метаболизмінің жақсаруына көмектеседі.
Енді мына электрлі реттегішпен екі қолды алға, артқа созып, есіп тартатын, қолды есіп созу жаттығуы, иық, арқа бұлшық еттеріндегі спастикалық тартылған сіңірлерді қалпына келтіретін тренажерға қараңыз. Адамның мойын омыртқасында 7 омыртқа орналасқан. Омыртқа аралық дискінің 84 пайызы судан тұратын шеміршек. Ол омыртқаның амортизаторы болып саналады. Мойын омыртқасы өзіне қажетті суды бұлшық еттерден алады. Мойын бөлігі, бас ауру, құлақтағы шу, бастың айналуы, күйзеліске түсу, қан тамырларының дистония ауруы сияқты сырқаттар мойын бөлігімен тығыз байланысты. Ал қол, иық, жауырын бұлшық еттердің қозғалысы аталған аурулармен тікелей күресетін бірден-бір көмекші құрал. Екі қолды есіп созу қол, иық, жауырын, арқа бұлшық еттерінің топтасуын жұмсартады. Арқа бұлшық ет тонусы және қан тамырлары жағдайы қалыпқа келеді. Ұйқы безі мен қалқанша безінің гормондарын реттейді.
Қолды төмен қарай созып және кері көтеру арқылы иық, шынтақ, арқа бұлшық еттеріне жаттығу жасайтын оңалту тренажеры тартқышты төмен, жоғары тарту арқылы отырған күйде иық, шынтақ, жауырын бұлшық еттерінің күшін пысықтауға арналған. Түймені басу арқылы жұмыс істейтін бұл тренажер инсульттан кейінгі шынтақ, шеміршек, иық сіңірлері мен арқа буындарының тартылып қалу кеселдерінен арылтады. Тартылып қалған білек және білек үсті буындары мен бұлшық еттерді босаңсытып, сіңірлерді жұмсартады.Тамырлардың жұмыс жасауын жақсартады. Жауырын бұлшық еттерін сары су жиналудан, мойын, арқа бел омыртқаларына тұз жиналудан сақтайды. Иық, қолды төмен, жоғары тарту арқылы иық, қол бұлшық еттерінің құрыстарын жазады. Бұл оңалту тренажерында жасалатын жаттығу бас аурулары, иық, қол, мойын ауруларымен байланысты.
Отырып аяқты созып, екі аяқтың арасын ашып жаттығу жасалатын оңалту тренажеры - аяқтың ішкі және сыртқы бұлшық еттерін пысықтап, жамбасты және глутеальды бұлшық еттерді жаттықтырады. Тренажерда қосымша қолды бүгіп, шынтаққа жаттығу жасауға мүмкіндік бар. Жамбасты жаю және итеру, созу аяқтың ұюына, артық салмақтан арылуға диабеттік микроангиопатия, аяқ қан тамырларына оңалту шараларын жүргізеді.
Жамбас, сан, балтыр бұлшық еттерінің топтасуынан сақтайды.
Байқап көрсек, тренажерлардың қызметі әр түрлі болғанымен, барлығы да адам ағзасын шынықтырып, денсаулықты нығайтуға жәрдемдеседі. Орталық ашылғалы, 3 жылдан астам уақыттан бері 790 адамға қызмет көрсетіпті. Ал 210 адам оңалтудан оң нәтиже көрген. Мысалы, Берік Жұмабаев деген 38 жастағы жігіт өткен жылғы тамыз айында бір-ақ сәтте инсульт алып, басына ота жасалған. Содан бері дәрігерлердің бақылауында жүрген Берік биыл осы орталыққа келіп, ем шаралар қабылдап жатыр. Жұбайы Мейрамгүлдің айтуынша, өздігінен қимылдай алмайтын Берік қазір тренажерлерді өзі икемдеп, пайдалана алатын жағдайға жетіпті.
- Аяқ астынан, ойламаған жерден тап болды ғой, - дейді Мейрамгүл. - Жұмыста жүрген жолдасым түскі үзілісте үйге келіп отырғанда құлады. Дәрігерге жеткізгенімізде басының аз ғана бөлігінде қан ұйыған деп, ота жасалды. Ота сәтті өткенімен, адам бұрынғы қалпына келе салмайды екен ғой. Дәрігер жазып берген емнің барлығын қабылдап келеміз. Міне, осында келудің де реті келді. Орталықтағы тренажерлердің барлығы да жақсы, ыңғайлы. Жақында тағы жаңа тренажер келді. Арасында массаж да жасайды. Барлығы да осы науқастардың игілігі үшін. Біздерге осынша қамқорлық жасап отырған мемлекетімізге де, орталықтағы барша қызметкерлерге де айтар алғысым шексіз. Орталықта науқастарға берілетін тамақтың сапасы да керемет. Памперспен жатқан науқастарға қабақ шытпастан қызмет көрсететін апайлардың барлығына дән ризамыз. Алла оларға дерт бермесін, отбастарымен аман жүрсін деп тілеймін. Менің жолдасымның емі күні ертең аяқталып, үйге келеді. Белгілі мерзімі біткен соң тағы да келгіміз келеді осында. Бұл аурудың бірден жазылып кетпейтінін, сабыр мен төзім керек екенін дәрігерлер әу бастан айтып, ескертті. Енді осы орталықтан күтер үмітіміз зор. Жанына жағып тұрған бұл мекемені, мұндағы ақжарқын, адал қызметкерлерді жолдасым да қимай отыр.
Иә, ауру айтып келмейді де, денеге бір дендеген соң оңайлықпен тез шыға да қоймайды. Тек шыдамдылықпен, үздіксіз емделе беру керек.
Оңалту орталығында емделіп, пайдасын көре бастаған науқастардың қайта айналып келгісі келе беретін жөні бар. Мұнда олар денсаулығын түзеумен қатар өздері сияқты ем алушылармен бір дастархан басында кездесіп, түсінісе алады. Алуан түрлі мәдени шараларға да көлікпен барып, қатысып, қаланың көрікті жерлерінде қыдырып, бірауық көңіл көтеріп қайтады. Емделушілердің орталыққа келуі мен үйіне қайтуы үшін де автокөлік беріледі. Ал күннен күнге жағдайы жақсарып, қимыл-қозғалысы артып келе жатқан ем алушылардың қуанышында шек жоқ.
Тағдырдың жазуымен осындай күй кешкен жандардың өмірге деген құштарлығын, алға қарай үздіксіз талпынысын көргенде, денсаулықтың қадіріне жетпей жүргенімізді ұғынады екенсің. Таңнан түнге дейін мәшинеден түспей, түсе қалса, телефонға телмірген тірлік қайда апара жатыр деп шошисың да...
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА