Бұл туралы Antikor орталығында өткен эфирде Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров мәлімдеді.
Қала әкімінің сөзінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарының барысында кәсіпорынның жоспарлау және экономикалық талдау қызметіне, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі саласына, персоналды басқару қызметіне, қаржы саласы мен кәсіпорынның құқықтық бөліміне, өндірістік техникалық саласына, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың салалық атқаратын қызмет түрлеріне талдау жүргізіліп келеді.
Сондай-ақ, тікелей эфир барысында Мақсат Оңғарбайұлы комплаенс қызметіне жауапты мамандармен таныстырып, «ӨзенЖылу» МКК, «Өзенэнергосервис» МКК, «Өзенинвест» МКК мекемелері мен квазимемлекеттік секторларда комплаенс қызметі құрылғанын атап өтті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарына қарасты барлық квазимемлекеттік секторларда коплаенс қызметі құрылған.
Бұдан бөлек, эфирде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы ақпараттық жұмыстардың маңыздылығы туралы айтылды.
«Қала бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар ұйымдастырылып, үнемі әлеуметтік желілер арқылы мақалалар жарияланып, тікелей эфирлер мен брифингтер ұйымдастырылып келеді. Қалада бүгінгі күні 2 билборд пен 1 скроллерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында материал жарияланған», деді Мақсат Ибағаров.
Бұдан бөлек, Мақсат Оңғарбайұлы әлеуметтік жағдайларға да тоқталып, соңғы уақытта қаладағы орын алған еңбек ұжымдарының наразылықтарына қатысты пікір білдірді.
«Барлық жағдайларда еңбек дауының негізгі себебі болып кәсіпорынның экономикалық жағдайының нашарлауы және жұмысшылардың жалақы мөлшерінің төмендеуіне әкелген жұмыс көлемінің азаюы. Қазіргі таңда кәсіпорын басшылықтары мен жұмысшылардан өкілдер бөлініп, қала әкімдігінің қызметкерлерімен бірге келісім комиссиялары құрылып, арнайы отырысы өтіп, келіссөздер жүргізу арқылы аталған мәселелер оң шешімін табуда», деді Мақсат Оңғарбайұлы.
Сонымен бірге, қала әкімі аумақты жылыту маусымына дайындау, көгалдандыру, тазалық мәселелерінің жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.