Жуырда Маңғыстау облысында "Отандастар қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамының өңірлік филиалы өз қызметін бастады. Филиал кеңсесі қазіргі таңда Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғммаратында орналасқан. Өңірлік бөлімше басшысы ретінде Нұржігіт Нұрболатұлы тағайындалды. Таяуда "Отандастар" қоры қызметінің басты бағдары, шетелден туған елге қоныс аударған қандас ағайынға арналған бағдарламалар жөнінде аз-кем сұхбат құрған едік.
Сонау 2017 жылы маусым айының 22-25-күндері Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы «Отандастар» қорын құрып, осы қор арқылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген еді. Дәл бір жылдан кейін, яғни 2018 жылы маусым айында «Отандастар қоры» КЕАҚ өз жұмысын бастады.
Қазіргі таңда аталған бірлестік сан бағытта жоғары деңгейде жұмыс жүргізіп келеді. Төрткүл әлемге тарыдай шашылған қазақ ағайынның басын бір арнаға тоғыстырар түрлі жобаларды үйлесімді іске асыруда. Мәселен, қор тарапынан ұйымдастырылған қазақ тілін онлайн үйрету курстары шетелдегі қандастардың кәдесіне жарап, ана тілін тереңдете игеруді ниет еткен жандарға зор мүмкіндік сыйлап келеді.
Қазіргі таңда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Маңғыстау облыстық филиалының басшысы әрі “Отандастар” қорының фронт-кеңсе сарапшысы ретінде қызметке кіріскен Нұржігіт мырза этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыруды көздеген жаңа заң жобасының мазмұнын саралады.
“Маңғыстау өңірі қоныс аударушыларды қабылдайтын облыстар тізіліміне енгзілмеген. Үкімет белгілеген бес облысқа ғана қандастар қоныс аударуға ұйғарса, мемлекет тарапынан жан-жақты әлеуметтік қолдауға ие бола алады. Жұмыс табуға жәрдемдесу, бір жыл бойы баспана жалдау ақысын төлеу және көшу шығындарын өтеу секілді жеңілдіктер жетерлік. Дегенмен, біздің облысқа тек өз жеке қаражатымен ғана көшіп келе алады. Ал біздің басты қызметіміз - облысқа қоныс аударған қандас ағайындарға іс-құжаттарды реттеуде, жұмыс іздеу және орналасу секілді өзекті мәселелерде кеңес беру, бағыт-бағдар нұсқау. Көбінесе құқықтық кеңес пен көмекке жүгініп, хабарласатын азаматтар өте көп. Сондай-ақ біздің кеңсе “Отандастар қорының” ұйымдастыруымен мәдени іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Бұндай іс-шаралар еліміздің қандастар шоғырланған өзге де өңірлерінде жиі өткізіледі. Мәселен, салт-дәстүр, ата ғұрыпты әспеттейтін жыршы-күйшілер сайысы секілді байқаулар қазан айында Павлодар қаласында ұйымдастырлмақшы. Түркістан шаһарында да дүние жүзі қазақтарының жиынын өткізу жоспарланған", - дейді Нұржігіт мырза.
Іске қызу кіріскен бөлімше жергілікті әкімдікпен, соның ішінде әлеумет әлеуеті мен әл-ауқатын бағамдап, бағдарлайтын әкім орынбасары Г. Қалмұратовамен берік байланыс орнатумен бірге, таяу мен қиырға қоныс тепкен қандастың атамекенге қайта оралуына септесетін тиісті органдармен де тығыз қатынас орнатуды көздеп отыр. Қазіргі таңда облыстық көші-қон департаменті мен өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру ойға алынған екен.
"Менің жеке ойым, шеттен келген қандас ағайын солтүстік өңірлерге көшуге оң көзқарас танытуы тиіс. Себебі үкімет белгілеген аймақта қандастарға жәрдемдесу жағы жолға қойылған. Яғни 5 облыста атамекенге қоныс аударуға бел буған этникалық қазақтарға қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы қарастырылған. Ең бастысы баспана, жұмысқа орналасу мәселесі де реттелмек. Тіпті кей өңірде тегін үй берілмек. Бұл бастама бір жағынан солтүстікті қазақиландыруға бағытталған мемлекет саясатына да тың серпін бермек",-деген пікірді білдірлі Нұржігіт Нұрболатұлы.
"Жуырда Түрікменстан елінен үш мәрте теміржол пойызы арқылы қандастар легі туған жерге табан тіреді. Жобамен жеті жүзге жуық қазақ тарихи Отанына қайта оралды. Олармен де жиі байланысып тұрамыз. Әубастағыдай емес қазір ата-жұртқа оралған ағайын көп қиындыққа кезіге қоймасы анық. Себебі тума-туыс, дос-жаран, көзкөргендер бар. Біріне-бірі жол сілтеп, көмек қолын созып, жаңа ортаға бой үйретуіне, дағдылануына жағдай жасайды. Ал қандай да бір кедергілерге тап болған қандас бауырлар біздің кеңсеге келіп, кеңес ала алады",- дейді Нұржігіт мырза.
"Отандастар" қорының Маңғыстау өңірлік филиалы дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі күндері түскі 14.00-ден кейін қандастарды әр алуан мәселе бойынша қабылдау жүргізеді.
Голрох Жеменей